- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Газ кіретініне сенбедік"....
"Газ кіретініне сенбедік". Арманкүлдің арманы орындалған күн
2014 жылдан бастап Алматы облысы Талғар ауданына қарасты кей ауылдар қаладағы Медеу ауданы құрамына қосыла бастады. Бұрын ауыл болса, кейіннен шағын аудандарға айналды. Қала аумағына енген елдімекендердің әлеуметтік мәселелері жыл сайын қаралып, халық игілігіне жарар маңызды істер атқарылды. Жарық, газ жүйесіне қатысты мәселелер біртіндеп шешімін тапқанмен, сапалы су және кәріз жолдарымен қамту әлі де өзекті. Сондай шағын аудандардың бірі – тау бауырындағы Сұлусай. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз осы шағын ауданның тұрғыны.
Сұлусайдың қысы қатал. Біз Алматыдан шыққанда күн жылы болатын. Ал бұл шағын ауданға барғанда жерде қар жатты. Таудан соққан ызғар жел бетті қарыды. Алмурат пен Арманкүл бізді күтіп-ақ отыр екен. Жылы қарсы алып, ашық-жарқын пейілде әңгімеміз жараса кетті.
Үй иесі Алмурат Жолдасов Ақмола облысында дүниеге келген. Кішкентайында отбасымен осы ауданға көшіп келген. Арманкүл Сәтбекова екеуі 2007 жылы шаңырақ көтеріпті. Қазір 4 ұл-қыз тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы.
- Қандай да бір мамандық бойынша білім алғаным жоқ. 9-сыныптан кейін бірден тұрмысқа шықтым. 17 жаста едім. Күйеуім де 9 сыныптан кейін оқуын жалғастырмаған, - дейді Арманкүл.
Бүгінде ол Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында гардероб қызметкері. "Жұмысым өзіме ұнайды. Маусымдық жұмыс қой. Барып істеп келуге ыңғайлы", - дейді. Алмурат жанармай бекетінде жұмыс істейді.
Сұлусайда бұрын қоғамдық көлік қатынамаған. Жолы да көп күрелмейді екен. Жас келін үшін бастапқы жылдары қалаға қатынау оңай соқпаған. Әсіресе босанар кезде қиналған екен.
- Бұрын автобус қатынамайтын. Төрт баланы да сол кезде босандым. Тексерілу үшін төмендегі аялдамаға дейін таудан жаяу түсетінмін. Көк мұз, жер тайғақ болатын. 2009 жылы бірінші баламды босанатын кезде қақаған қыс еді. Қар омбылап жауып тастаған. Таңға жуық толғақ қысты. Күйеуімді оятып, қайын атамның көзі тірі еді, сол кісі көмектесіп, әрең көлік таптық. Ол кезде жолда тазаланбайтын. Перзентханаға әрең жеттім. Сөйтсем әлі ерте екен. Күйеуім достарымен тойлауды бастап кеткен. Ал толғақ қысқан әйелдерді көріп, одан бетер шошыдым. Тезірек босанып үйге қайтқым келді, - дейді.
17 жасында жас келін болып түскен Арманкүл 17 жылдан бері көмір жағады. Өзі туған Оңтүстік өңірде де пешті қалай жағатынын көріп өскен.
- Біз пешті қыркүйекті бастап, мамыр айының соңына дейін жағамыз. Себебі тау бауырына қыс ерте келеді, кеш қайтады. Кейде мамырдың кезінде қалаға шығатын болсақ, жеңіл киім мен аяқ киімді сөмкемізге салып аламыз. Қалада жаз, мұнда қыс болып тұрады. Үйді суықта тек пешпен жылытамыз. Ток арқылы жылытқыш қосатын болсаң, ол ақшаның соры. Оның үстіне қуатын да көтере бермейді, - дейді отағасы Алмурат.
Күн суығанда көмірді жағумен қатар, Сұлусайға жеткізудің өзі қиын екен. Онша-мұнша көліктер келуге келісе бермейді.
- Көмірдің қиындығы көп, сатып алып мұнда жеткізудің өзі мұң. Жолының өзіне 20 мың алады. Көмір жаққан соң үй шаң болады, ыс болады. Тексеруге келген мұғалімдер үйді әктеу керек деп жиі ескертетін. Оны әктейсің, бір аптадан кейін бәрібір қайта ыс болып кетеді. Бір қыста 6 тоннадан асық жағамыз. Ол да жетпей қалатын болса онда қаптап ала тұруға тура келеді, - дейді Арманкүл.
Көмірді таңдауға көбіне Арманкүлдің өзі барады екен.
- Көмірдің ірісін алған жақсы. Біз көбіне Шұбаркөлдің көмірін таңдаймыз. Көмірді өзім барып таңдаймын. Тез жанатыны Шұбаркөл, ал Қаражыра көмірінің шоғы ұзақ тұрады. Бірақ қатты түтейді. Ең қауіпті көмір. Пешті өзім жағатын болған соң өзім таңдаймын, - дейді.
Көмір жағудың қиындығымен қатар, қаупі де жоғары. Пеш дұрыс жанбай, көмірдің ысы үйге ұрар болса, адамды есінен тандырып, соңы қайғылы оқиғаға дейін алып баруы мүмкін. Сондай жағдайды бұл отбасы да басынан кешіріпті.
- Бір күні кешкісін пеш тартпай, үйді жылытпай тұрды. Үстіне барып тазалау ойға келмепті, кеш те болып қалған уақыт еді. Көмірді салып бәріміз ұйқыға жаттық. Түнгі уақытта үстіме біреу құлады. Кім екен десем, әйелім. Ол жаңа босанып келгенде диванда жататын. Содан басы айналып құлаған екен, - дейді Алмурат.
Бұл 2021 жылы Астанада бір үйден 5 бала бір күнде қайтыс болған оқиға болғаннан бірер тәуліктен кейін болған.
- Сол күні майда көмір салғанмын. Ол дұрыс жанбайды. Көктем шығар кез еді. Төртінші баламды босанып келген кез. Пешке нан жаптым. Сөйтіп жүріп көп ыс, иіс шыққанын сезбегенмін. Оның үстіне мен биікте жаттым кішкентаймен. Басқалар жерде жатты. Түнде ауырып жатқандай болдым. Өзімнен өзім қысылып, жаным алқымға келді. Қимылдауға шамам болмады. Кішкентайымның бетін көрпе бүркеп қалыпты. Жүрек айнып, далаға шыққым келді. Аяқ қолым сіресіп қалыпты. Бір кезде тұрған бойда құладым. Сөйтіп күйеуіммен қоштасып, төрт баланы аманаттап үлгергем ғой. Бәрі оянып, есік-терезені ашып бір өлімнен аман қалдық. Жарықты қоссақ үй көк түтін екен. Содан үш күн ауырып әрең өз-өзіме келдім. Уланған адам қарайып кетеді екен. Тура сол біз уланғаннан бірер күн бұрын Астанада үй өртеніп, бір үйдің бес баласы қайтыс болған еді. Сол оқиға жүрегімді қатты ауыртқан. Бізде де содан екі күн өткеннен кейін қайталанды. Құдай сақтады, - дейді Арманкүл.
Пешті жиі тазалап тұру керек. Мұны от жағатын әр отбасы біледі. Әлмұрат та өз үйінің пешін өзі тазалайды екен. Тазалайтын уақытын білу керек деп кеңес береді.
- Пешті өзім тазалаймын. Қыста тазалау қиындау. Негізі пешті күзде жағар алдында толық бір тексеріп шығу керек. Одан кейін ерте көктемде тазалау қажет. Пештен сол кезде көп ыс бөлінеді. Көбіне көктем шықты, болды деп жүре береді. Тура сол кезең қауіпті, - дейді отағасы.
Бұған дейін отбасы газ кіргізуге қадам жасап та көрген. Тапқанын жинап, белді бекем буғанмен, реті келмепті. Одан кейін кіргізу ақысы да өсіп кеткен.
- Газды өзіміз қостырғымыз келген. Бірақ олар айтқан көлемдегі қаржымыз болмады. Кіргізгеніне 250 мың кетеді екен. Одан бөлек ішкі жұмыстар мен пеші бар. Сөйтіп жүргенде бағасы да көбейіп кетті. Оған жағдайымыз келмейтінін бағамдадық. Төрт баланың ішіп-жемі бар, киімі бар, артылмады, - дейді.
Оған қоса бірер жыл бұрын отағасы Алмурат инсульт алып, төсек тартып ауырып қалған. Бүгінде беті қараған жұбайына Арманкүл ауыр заттарды көп көтерте бермейді.
- 15 күн жансақтау бөлімінде жатты. Бір аяқ, бір қолы істемей қалды. Қан қысымы көтеріліп кетті. Массаж жасап, үлкен ұлым барынша көмектесіп, бар дәрі-дәрмекпен емдеп шықтық. Балалардың ортасына келіп өзінің де өмірге деген құлшынысы артып, тезірек жазылып тұруға талпынды. Қазір ауырлық салмауға тырысамыз. Үйге көмірді де өзім тасып жағамын. Дені сау, ортамызда аман болып, қорғанымыз болып жүре беруін тілеймін, - дейді жары.
Тегін газдандыру жобасы жайлы Арманкүл мектептегі балаларының мұғалімінен есітіпті. Жиналыстарға жиі барып тұрады екен.
- Мектепте жиналыс болып, әкімдік өкілдерімен кездесу болды. Ол жерде газ туралы әңгіме болған жоқ. Бірер күннен кейін көрші мұғалім мектеп директоры шақырып жатқанын айтты. Барғанда әкімдікке барып тегін газ кіргізіп беру жайлы өтініш жаз деді. Тұрмысы төмен отбасыларға көмектесетін бағдарлама жайлы түсіндірді. Содан барып жазып қайттым. 2021 жылдың қыс айы болатын. Бір жыл күттім. Күнде келіп қалатындай үмітпен өмір сүрдік. Күз келіп күн суыта бастаған соң жинаған ақшамызға көмір түсірдік. Газ тегін кіргізетініне сенбей бастадық. Сөйтіп жүргенде бір күні келіп әкімдік адамдары тексеріп кетті. Үміт қайта оянғандай болды. Бірақ сол кеткеннен ұзақ кетті. Арада тағы 6 айдай өтті. Сол кезде келіп тегін газ кіргізіп беретіндерін айтты. Қуанып кеттік. Көмірге жинаған азын-аулақ қаржыма батарея сатып алдық. Сөйтсек батареясымен кіргізіп береді екен ғой. Пешін де қойып беретін айтқанда қуанышымыз қойнымызға сыймады. Бағдарлама жайлы алғаш мектептегі мұғалімнен естідім. Ол айтпағанда бізге бұйыратын ба еді, бұйырмайтын ба еді. Сол кісіге, барша жобаны жасаушыларға алғыс айтамын. Мұндай көмек көптің қолынан келе бермейді, - деп алғысын айтты.
Сұлусайға ауыз әлі тартыла қоймаған. Тұрғындар бұлақ суын тасып ішеді. Кей үйлер жерден су шығарып алған. Бұл отбасы да суды тасып ішеді екен.
- Ауыз су әлі келмеген. Қолмен тасып ішеміз. Бұлақтың суы бар. Содан барып алып келеміз. Су келеді деп айтқан. Шамамен 2 жыл шамасында тартылады деген былтыр, - дейді Алмурат.
Сұлусайдың халқы түрлі жеміс-жидек пен көкөніс егіп, мал асырайды. Үй иесі де азын-аулақ тапқанына екі бұзау сатып алыпты.
- Бұл жерде тұрғындар таңқурай егеді, мал асырайды. Ақша түссе мен де азырақ мал алып қоямын. Өсіріп, семіртіп, сойып сатып күнелтеміз, - дейді отағасы.
Біз сұхбат алып қайтуға ыңғайланғанда есік алдына бір көлік келіп тоқтады. Үй иелері газ қосуға келген мамандар екенін жазбай таныды. Біз де отбасымен бірге қуандық. Газ кіретініне қуанған Арманкүл жаңа газ пешін де сатып алыпты.
Газ бен пешін қосып, реттеп беруге келген сантехник маман Мұхит Смағұлов пен көмекшісі "бұл шаңыраққа жылу беруге біз де асықтық" дейді.
- Биыл осы жоба бойынша үйлерге газ кіргізіп келеміз. Қазір Кеңсайдың ішінде 7-8 үй қосылды. 3 үйде газ істеп тұр, үйлері жылы. Бүгін осы 4-ші үйді қосамыз, қуантуға асығып келдік. Әлі алда қосатын біраз үй бар. Кей үйлерге жету де қиын. Барынша ертерек жасап беруге тырысып жатырмыз, - дейді маман.
Біз де қайттық. Бізбен бірге Арманкүл де жұмысына шықты. Кешке келгенде үйінде газ қосылып тұратынына сене алар емес. Іштей "Арманкүлдің арманы орындалған күн болды" деп ойладым...
Газдандыру жобасы Halyk-тың 100 жылдығына арналған "100 игі іс" ауқымды акциясы аясында жүзеге асырылуда. 2023 жылы банк қаражаты есебінен Алматы мен Астанадағы аз қамтылған отбасылардың 230-ға жуық тұрғын үйлерін толықтай газға қосу, қаржыландыру жоспарлануда. Бұған дейін Halyk Алматыда жалпы сомасы 92 млн теңгеге 100 жеке үйді толықтай газдандыруды қаржыландырған, сондай-ақ тұрғын үйлерге газ жүргізуге жеңілдікпен кредит берудің жеке бағдарламасын іске қосқан болатын.
Серіктестік материал
О. Сансызбай