Қылышын сүйретіп қыс келіп қалса да Қызылту ауылының тұрғындары жылусыз отыр. Көктемде газ жүйесіне қосатын компаниямен келісімшарт жасасып, қыруар қаржы төлегендер арада 6 ай өткенімен үйлерінің түбіне келген газды қостыра алмай әлек. Жарты жылда газ қосылады дегенге сенген бұқара биыл көмір де сатып алмапты. Электронды пешпен бір бөлмеде отырмыз, - деген жұрттың жанайқайын Massaget.kz тілшісі тыңдап қайтты.
Талшын Қасымбекова 4 баласымен 1 бөлмені паналап отыр. Себебі электрондық пеш үйді толық жылытуға шамасы келмейді екен. Жарты жылда газ қосылады деген соң үйдегі көмірмен жанатын пешті де алып тастапты.
"Мен газ қостыруға сәуірдің 27-сі күні келісімшартқа отырып, қол қойып ақшасын төлегенмін. Құжатта 6 ай ішінде газ үйлеріңізге кіргізіледі деген. Одан бері 7-8 ай өтті. Қыс басталуына санаулы күндер қалғанымен көгілдір отынға жарымай отырмыз. Менің 10 жасқа жетпеген 4 балам бар. Бесіншісіне аяғым ауыр. Бір бөлмеде 4 баламмен отырмын. Сол жерде тамақ ішеміз, ұйықтаймыз. Балалар сол бөлмеден киініп сабаққа барады. Үйдің қалған бөлігі суықтан қақырап тұр. Электронды пешті электр желісі көтере алмайды", - дейді Қызылту (4) ауылының тұрғыны Талшын Қасымбекова.
Көктемде газ қосылады дегенді естігендер мердігер компанияға 460 мың теңгеден қаражат жинап беріпті. Алайда 200-ге жуық ауылдың тек 20 пайызына ғана көгілдір отын берілген. Ағайын ақшасын төлесе де, үйлерінің іргелеріне келген газды қосып беруге жауаптылар құлықсыз.
"2013 жылдан бері тұрып жатырмын. Келгелі әкімдіктің бірде-бір адамын көрген емеспін. Газға 460 мың теңге төледік. Комиссиясына 66 мың теңге қосымша бердік. Есептегішке 40 мың теңге тағы төледік. Монтажына бөлек ақша алады. Барлық ақшасын төлеп қойсақ та комиссия келген жоқ. Газға сеніп биыл көмір алмадық. Офистеріне барсаң қазір-қазірмен шығарып салады. Өз басым магистральдан монтаж жұмыстарын жасау үшін 1 ай жүрдім", - дейді Қызылту (4) ауылының тұрғыны Ержан Мамытов.
Тұрғындардың айтуынша жауаптылар жүйелі жұмыс жасамайтын көрінеді. Кейбірі комиссия өкілдерін айлап күтсе, тексерістен өткендері есептегішке мөр ұратын қызметкерді тағы бір апта тосып әлек.
Қарашаны қара суықта жылусыз қалдырған жауапты компания өкілдеріне бардық. "СӘУЛЕТ СТРОЙ" компаниясының инвесторы Бекмұхамбет Шаянов "Өзімізге берілген жұмысты атқардық", - дейді.
"Біз 6 айдың ішінде негізгі трассадан үйлерге дейін көгілдір отынды тартып бердік. Біздің құзіретімізге тек осы жұмыстар кіреді. Ал трассадан қазандыққа дейінгі жұмыстарды Интергаз тексереді. Содан кейін бұл мекеме құжаттарды "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ-на өткізеді. Өйткені көгілдір отын беретін солар. Олар үйішілік газ желісі бойынша тексеріс жүргізіп газды қосып береді", - деді "СӘУЛЕТ СТРОЙ" компаниясының инвесторы Бекмұхамбет Шаянов.
Жауапты мекеме өкілі "комиссияның талабын орындамайды" - деп тұрғындардың өздерін кінәлап шықты. Дегенмен комиссия өкілдерінің үлгермей жатқанын да жасырмады.
"Жобалаушы газ жүргізетін сәтте жобасын нақтылап сызып береді. Сол бойынша тұрғындар газ жүргізеді. Комиссия өкілдері сызбадағы жобамен жүргізілген құбырларды салыстырады. Жоба қате болса біз түзейміз. Ал егер дабыл қоңырауы жоқ болса, газ құбырын өткізу талапқа сай жүргізілмеген болса тұрғындар түзетуге міндетті. Ал комиссия өкілдері рұқсат берген жағдайда көгілдір отынды қосып беру қиындық тудырмайтын еді. Десек те қазір комиссия үлгермей жатыр", - деді Бекмұхамбет Шаянов.
Панфилов ауылдық округіне қарайтын Қызылту (4) ауылына мемлекет тарапынан ешқандай жағдай жасалмапты. Инфрақұрылымның барлығын бұқара өз қалтасынан қаржы шығарып жүргізген. Кейбірі "әкімнің түрін 7 жылдан бері көрген жоқпын", - дейді.
"Инфрақұрылымның барлығын өзіміз жасадық. Мен келген кезде жол жоқ болатын. Қыстың күні, көктемде талай көліктер батпаққа батып тұрды. Тұрғындар өз қалталарынан қаржы шығарып асфальт жабынын төсеткен. Үйлеріне тартылған суға да әкімдіктің қатысы жоқ. Жарық күніне 2 мәрте өшеді. Тұрмыстық техникалар жанып бітті. Әкімнің түрін 7 жылда бір мәрте көрген емеспіз. Олар "қолғап" секілді ауысып тұрады", - дейді ауыл тұрғыны.
Жылусыз қалған жұрт газдың мәселесін жауаптылар тезірек шешіп берсе дейді. Ал 200 үйді 6 айдан бері аралап жүрген комиссия өкілдері тексерісті қашан аяқтары белгісіз.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!