Көкшетауда халықты газбен қамту жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан аса күрделі мәселелердің бірі. Өйткені қаланың көп бөлігі оның ішінде тіпті көп қабатты тұрғын үйлердің басым бөлігі күні бүгінге дейін тұрмыстық газ балондарын қолданады. Қауіпсіздік ережесіне сәйкес бұл ешқандай талапқа да, заң нормаларына да сай келмесе де басқа амал жоқ, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Күнікеше адамдар лық толы автобустың ішінде газ балоны тасыған ер адамның әрекеті автобустағы тұрғындардың ашуын тудырып, үлкен қоғамдық резонанс тудырған. Жұртшылық тұтас бір автобустағы халықтың өміріне қауіп төндіргені үшін әлгі ер адамды жерден алып жерге салды. Автобустың жүргізушісіне көлікті дереу тоқтатып, газ балонын сүйреген адамды шығарып жіберуді талап етті. Бірақ көпшілік шаһардағы газбен қамтудың орталықтандырылмауы әрі тұрмыстық газдың тапшылығы мәселені ушықтырып тұрғанын да сын садағына алған. Тұрғындар мұнымен қоса жанармай құю стансасында толтырылып келгенімен соңғы кезде тұрмыстық газ балонына газ құйылмайтынына алаңдаушылық білдірген.
"Өз басым осыған дейін тұрмыстық газ балонын қымбатырақ болса да жанармай құю стансасында толтыра беретінмін. Бірақ соңғы күндері олар газ құймайтын болыпты. Қазір тек облгазда ғана құюға болады. Ал үйге газ балонына тапсыру екі есе қымбатқа түседі. Әрі ол тез таусылып қалады. Қанша көлемде әкелгенін де білмейсің. Қысқасын айтқанда ұрлайды. Газ құюдың тоқталуы мұнай базасында адам қаза болған оқиғамен де байланысты сияқты. Мәселен Красноярда тұратын мен осыған дейін қаланың шетіндегі газ құю стансасында толтыратынмын. Электр плитасында әзірлеу ұзаққа созылады. Ал газсыз қиын", - дейді Данияр Ескенов есімді Краснояр селосының тұрғыны.
Аталған жағдай бойынша көкшетау қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы басқармасы түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше газды автокөлік жанармайын құю станциясында тұрмыстық газ балонын толтыру бекітілген бұйрық талаптарын бұзады әрі қауіпті болып табылады. Атап айтқанда егер газ құйған кезде 15пайыздың бос орын болмаса газ балонының жарылуы да әбден мүмкін.
Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының ақпаратына сәйкес сұйылтылған газ балондарын толтыру Қазақстан Республикасының 2014 жылдың 30 желтоқсанындағы Қазақстан Республикасының инвестиция және даму министрінің №358 бұйрығымен бекітілген қысыммен жұмыс істейтін жабдықты пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету ережелерінде көрсетілген нормаларға сәйкес келуі тиіс. Жиі қолданылатын 27 литрлік тұрмыстық газ балондарының 85 пайызынан яғни 22,95 литрден аспауы тиіс. Мұндай көлем жаңа сатып алынған газ балондарына тән. Ал ұзақ уақыт қолданылған газ балондарына 10,2 литрден, 5 литрлік балонға 4,25литрден аспауы керек. Конденсат пайда болуын барынша төмендету үшін тек мамандандырылған газ құю бекетінде ғана газ балонын толтыру қажет. Өйткені олар газды тазарту бойынша сапалы құрылғылармен жабдықталған. Тұрмыстық газ балондарын автожанармай құю стансаларында толтыруға тыйым салынған, - дейді Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінен.
Ведомствоның мәліметінше облыс орталығында қазір тұрмыстық газ балонын сатуға рұқсат берілген 10 кәсіпорын жұмыс істейді. Дегенмен бұл мәселені шеше алмайтынын уақыттың өзі көрсетіп тұр.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!