Шахтинск қаласында тұрғындардың үрейін ұшырған адам ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2 қыркүйекте полицияға К.Маркс көшесінде орналасқан үйлердің біріндегі пәтерде тыныштық бұзылғаны туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына дереу полиция қызметкерлері жіберілген. Тексеріс барысында пәтерде болған 33 жастағы ер адам газ баллонын жарып жіберетінін айтып, қорқытқан.
Полицейлер тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 35 адамды эвакуациялап, қауіптің алдын алу үшін қажет шаралардың барлығын қабылдаған.
Полиция қызметкерлерінің түсіндіру жұмыстарынан кейін ер адам пәтердің есігін ашқан. Ол мас болғаны анықталып, полиция бөліміне жеткізілген.
"Пәтерді тексеру кезінде газдың иісі анықталған жоқ. Ер адамға қатысты әкімшілік іс жүргізу басталды. Тексеріс кезінде ол уақытша ұстау бөлмесіне қамалды. Жиналған материалдар заңнамада белгіленген тәртіппен шешім қабылдау үшін сотқа жолданады", - деп жазылған хабарламада.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова