Шығыстағы ең ірі жол инфрақұрылымының бірі – Бұқтырма су қоймасының үстінен салынып жатқан көпір аяқталуға жағын. Қос жағалаудан қатар басталған көпірдің құрылысы түйісті. Көп ұзамай еліміз үшін стратегиялық маңызы зор нысан қолданысқа беріліп, көліктер арлы-берілі ағылатын болады. Бұл – алты ауданның халқы үшін айтулы оқиға, тарихи күн. Өйткені оны аймақ жұртшылығы жарты ғасырдан астам уақыттан бері күткен еді.
Бұқтырма су қоймасына көпір салу жобасы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы бойынша басталғанын айта кету керек. 2019 жылдың 19 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Твиттердегі парақшасында Үкіметке Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір салу үшін қаражат бөлуді тапсырғанын мәлімдеген. Тиісті қаржы бөлініп, 2021 жылдың ақпанында құрылыс жұмыстары басталып кетті.
Жасыратыны жоқ, Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің жоқтығы шалғай аудандардағы халықтың өмір сүру сапасына да кері әсерін тигізіп келген еді. Енді бұл мәселе де біртіндеп шешімін табатындай, көпір алыстағы аудандар мен облыс орталығы арасындағы байланысты жыл он екі ай үзбей ұстап тұруға мүмкіндік береді.
Көпір құрылысы Күршім және қайтадан құрылған Марқакөл аудандарының экономикасына барынша оң әсерін тигізбек. Көлік қатынасы қарқын алған соң осы өңірлердегі өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм салалары соны серпін алады. Қазірдің өзінде кен орындарын игеру, тауарлы сүт фермаларын салу, Марқакөл көлінің жағалауына демалушыларға арналған қонақ үйлер тұрғызу сынды жобалар қолға алынған. Көпірдің іске қосылуы Қытай мен Ресей Федерациясы арасындағы тауар айналымына да оң әсерін тигізбек, себебі ең қысқа шекара Шығыс Қазақстанның аумағы арқылы өтеді.
Оған қоса көпірге дейінгі кірме жолдың да құрылысы қатар жүргізіліп жатыр. Самар жағалауындағы 17 шақырым кіре беріс жолдың 10 шақырымына бір қабат асфальт жабыны төселген. Ал Күршім жағалауында кірме жолдың ұзындығы бір шақырымнан асады.
Бұқтырма әлемдегі ең ірі бес су қоймасының бірінен саналады, ал елімізде одан үлкен жасанды су қоймасы жоқ. Шығыс Қазақстан өңірі үшін бұл – ауқымды туристік кластер, экономиканың табысты бір саласы. Кейінгі деректерге сүйенсек, Бұқтырма жағалауында бір маусымда 15 мыңнан астам турист демалады, ал көпір ашылған соң олардың саны еселеп артады деп отыр мамандар. Сол сияқты шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына жақсы мүмкіндік туады. Яғни, дәмханалар, демалыс базалары, жанармай құятын станциялар, қонақ үйлер және басқа да кәсіпкерлік нысандары жағалауда бой көтереді.
Бұқтырма су қоймасы арқылы салынып жатқан көпірдің ұзындығы – 1 316 метр. Бұл – су үстінен салынған еліміздегі ең ұзын көпір. Оның стратегиялық маңызы зор. Ол аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына, қаржылық ағындардың көбеюіне және мультипликативтік әсеріне ықпал етеді. Көпір шалғайдағы Күршім, Марқакөл, Тарбағатай және Зайсан аудандарын Самар ауданымен және облыс орталығымен тұрақты байланыстырып, көліктік-логистикалық инфрақұрылымды жақсартатын болады. Осыған дейін халық жазда пароммен, ал қыста өмірлерін қауіпке тіге отырып, мұз үстімен қатынауға мәжбүр болып келген. Енді көпір іске қосылса бұл проблема шешімін табады. Екі жолақты автокөлік көпірінің ені – 12,2 метр, биіктігі – 18 метр. Өткізу мүмкіндігі тәулігіне 20 мың көлікке дейін жетеді.
Нысанның құрылысын отандық өндіруші жүзеге асыруда. Бұл тек құрылыс саласындағы технологиялық мүмкіндіктеріміздің жоғары деңгейін емес, сондай-ақ еліміздің экономикалық қуатын да көрсетсе керек. Құрылыс жұмыстарына Алматы қаласынан, еліміздің бірқатар өңірінен инженерлер тартылған, ал негізгі жұмыстарды жергілікті білікті мамандар атқарып жатыр. Осы жобаның арқасында облыста бірегей көпір құрылысшыларының бүтін бір шоғыры қалыптасып отыр.
Бүгінде аралық құрылыстарды монтаждау жұмыстары 100 пайызға аяқталған, 21 тірек орнатылды. Оның ішінде 20-сы – негізгі тірек. Ұзындығы 512 метрге дейін, яғни өткелдің 40 пайызына екі қабат асфальт төселген. Сонымен бірге құрылымның қалған бөлігін арматуралау және бетондау жұмыстары жалғасып жатыр.
Көпір қауіпсіз әрі берік болу үшін 40 метрге дейін бұрғылап (оның 14 метрі тас) тіректерді орнатқан. Құрылысты тоқтаусыз жүргізу үшін жұмысшылар күндіз-түні ауысыммен еңбек етіп жатыр. Ал жағалауда жұмысшылар қалашығы тұрғызылып, бетон өндіретін шағын зауыт орнатылған. Көпір құрылысына Шығыстың қатаң климатына төзімді өте сапалы заманауи материалдар қолданылуда.
Естеріңізде болса, былтырғы жыл соңында Бұқтырма су қоймасында технологиялық көпір түйіскен-ді. Технологиялық өткелдің салынып бітуі негізгі көпір құрылысын едәуір жеделдететін маңызды кезеңдердің бірі болды.
Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Премьер-министр Олжас Бектенов өңірдің жол-көлік саласын дамыту жоспарларымен танысып, Бұқтырма көпірінің құрылыс қарқынын тексерген. Үкімет басшысы көпірді іске қосу шекара маңындағы аудандардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретінін атап өтті және Көлік министрлігіне облыс әкімдігімен бірлесіп, құрылыстың уақтылы іске қосылуын және жоғары сапасын қамтамасыз етуді тапсырған.
2022-23 жылдары құрылыс материалдары мен жанар-жағармай бағасының қымбаттауына байланысты маңызды жоба түзетіліп, оның құны екі есеге өсті. Нысан "сақалды құрылысқа" айналуы мүмкін еді, бірақ Астанада көпірді республика қарамағына беру туралы уақтылы шешім қабылданды. 2023 жылдың қазан айынан бастап стратегиялық инфрақұрылымдық нысандағы жұмыстар жоспарлы қарқынмен жүріп келеді.
Көпір құрылысының өндірістік бақылауында аймақ басшысы маңызды рөл атқарады. Логистика мәселелері, тіректерді жеткізу және электрмен жабдықтау күнделікті қадағаланып отыр. Бұл облыс басшылығының табандылығы мен жауапкершілігінің арқасында мүмкін болды.
Бұқтырма көпірі аймақ тұрғындарының қолдауына ие. Жергілікті тұрғындар бұл жобаны үлкен қуанышпен күтуде, себебі бұл олардың тұрмыс жағдайын едәуір жақсартары сөзсіз. Жұртшылық бұл жобаның іске асуына үлкен үміт артып, оның аймаққа әкелетін оң өзгерістерін тағатсыздана тосып отыр.
Бұқтырма көпірі – Қазақстанның инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам. Оның салынуы аймақтың экономикалық дамуына ғана емес, бүкіл елдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне зор үлес қосады. Көпірдің салынуы – елдің бірлігі мен ынтымақтастығының көрінісі.
Материалды Шығыс Қазақстан облысының ақпарат орталығы ұсынды