- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Гастриттің асқынып кеткенінің...
Гастриттің асқынып кеткенінің 7 белгісі
Гастриті бар адамдар үшін күз бен көктем – қауіпті уақыт. Кез келген созылмалы ауру секілді гастрит те – асқазан шырыштысының қабынуы – толқын тәрізді өтеді: ауру беті қайтады, содан соң асқынып, қайтадан басылуы мүмкін. Бірақ жиі адамдар оның белгілері дәрумендер мен минералдар жетіспеушілігінен пайда болды деп ойлайды. Алайда гастриттің асқынған түрінің өзіне тән белгілері бар. Олар жайлы гастроэнтеролог Андрей Констанденков айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Doctorpiter"-ге сілтеме жасап.
Гастрит көктемде "оянады"
"Гастриттің көктемгі рецидиві негізінен маусымдық иммунитет проблемаларына байланысты. Ұзақ қыс, дәрумендер мен минералдардың жетіспеушілігі ағзаның иммундық қорғанысын төмендетеді, бұл созылмалы аурулардың асқыну қаупін арттырады", - дейді гастроэнтеролог.
Гастриттің тағы бір қоздырғышы — рационның өзгеруі. Көктемде сөрелерде көптен күткен жаңа піскен шөптер мен көкөністер пайда болады, біз оларды қыста таусылған дәрумендік қорларды толтыру үшін көбірек жейміз.
"Бірақ мұндай тағамдардың құрамында дөрекі талшық көп. Рационда тағамдық талшықтардың көп болуы асқазанның шырышты қабығына теріс әсер етеді, бұл ерте ме, кеш пе асқынуға әкелуі мүмкін", — дейді Андрей Констанденков.
Сондай-ақ кәуап пісіріп жейтін демалыс күндер жайлы да ұмытпауымыз керек, өйткені көктемде көптеген адам көкке жиі шығады.
"Артық тамақтану, майлы тағамдарды көп жеу және алкогольді көп ішу гастриттің қайталануына әкеледі. Алайда ауру тым аз тамақтанған жағдайда да өршуі мүмкін. Бұл жағдайда ораза немесе жазға дейін салмақ тастау үшін қатаң диеталар ұстау қауіпті", - дейді дәрігер.
Маусымдық гастриттің белгілері
Эзофагогастродуоденоскопия (ЭФГДС) көмегімен дәрігердің тексеруі кезінде алынған мәліметтер ғана асқынуды нақтырақ көрсете алады. Ол асқазан қабырғаларындағы қабыну процесін дәл көрсетеді. Бірақ дәрігерге қаралу керегін білдіретін белгілер бар:
- Жиі қыжылдың пайда болуы (әсіресе, түнде немесе тамақтанғаннан кейін);
- Ауызда ұзақ сақталатын ащы-қышқыл дәмі бар кекіру;
- Асқазанның ауыруы. Ол әсіресе, тамақ ішкеннен кейін немесе аш қарынға ауырады;
- Тамақтанғаннан кейін асқазанда ауырлық сезімінің пайда болуы;
- Жүрек айнуы немесе тіпті құсу;
- Нәжістің бұзылуы (іш қату және диарея);
- Жалпы хал-жағдайдың нашарлауы. Әлсіздік, көңіл-күйдің құбылмалдылығы, шаршаңқылық пайда болуы мүмкін.
Не істеу керек?
"Оның алғашқы белгілерін байқаған кезде бірден дәрі-дәрмектерді сатып алудың және симптомдарды басуға тырысудың қажеті жоқ. Ол көмектессе де, әсері көпке созылмайды", - деп ескертті дәрігер. - Гастроэнтерологпен кеңесу керек. Маман диагноз қойып, асқазанның шырышты қабығындағы қабынуды жеңілдету үшін ем тағайындайды".
Гастроэнтеролог мына ұсыныстарды сақтауға кеңес берді.
"Сонымен қатар, рациондағы ащы, қуырылған, қышқыл немесе тұзды тағамдардың мөлшерін, алкоголь мен темекі шегуді азайтыңыз және ең дұрысы - бұл жаман әдеттерден мүлдем бас тарту. Тамақтануды ұйымдастыруды қадағалау маңызды: күнде шамамен бір уақытта тамақтануға тырысыңыз, - дейді дәрігер. - Сонымен қатар күйзелісті азайтуға тырысыңыз, өйткені психоэмоционалды шамадан тыс жүктеме қабыну механизмдерін қоздырып, гастриттің асқынуына әкелуі мүмкін".
Оқи отырыңыз: Ауызашарға ет жеуге бола ма? Дәрігер жауап берді
А. Жапатова