Елімізде 15 сәуір күні Ұлттық ғашықтар күні тойланады. Көптеген мемлекеттерде ғашықтар күнін 14 ақпанда, Әулие Валентин күнінде атап өту дәстүрге айналған. Десе де, ғашықтар күнін тойлайтын әр елдің өз ерекшеліктері мен дәстүрлері бар.
Германия, 14 ақпан
Германияда әулие Валентин күні "Валентинстаг" деген атаумен белгілі. Бұл күні адамдар бір-біріне гүл, шоколад сыйлайды. Сондай-ақ олар бұл күні жүрек пішінді зімбір печеньесімен алмасады. Оны әдетте романтикалық хатпен безендіреді.
Италия, 14 ақпан
Веронада (Ромео и Джульетта қаласы) әулие Валентин күні "ғашық Верона" фестивалі өтеді. Онда жұптарға арналған концерттер, шоулар және шаралар болады. Сондай-ақ Италияда ғашықтар бұл күні романтикалық кешкі ас ұйымдастырады және дастарханға жүрек пішінінде жасалған паста мен тәтті десерттер қояды.
Түркия, 14 ақпан
Түркияда ғашықтар күні жұптар көпірлерге немесе басқа да қоғамдық жерлерде махаббат символы ретінде құлып іледі.
Франция, 14 ақпан
Францияда әулие Валентин күні La Saint-Valentin деп аталады. Ғашықтар бұл күні бір-бірлеріне гүлдер және шоколадты кәмпиттер сыйлайды. Оған қоса, Париж – ғашықтар қаласы. Бұл күні Парижде ең көп неке қиылады екен.
Қазақстан, 15 сәуір
Қозы мен Баян күнін алғаш 1999 жылы қоғам және мемлекет қайраткері Дархан Мыңбай ұсынған еді. Ол жастар ұйымдары, оқу орындары мен бұқаралық ақпарат құралдарын ұлттық ғашықтар күнін мерекелеуге шақырды. Дархан Мыңбайдың бастамасы көптің көңілінен шыққаны рас, бірақ мерекенің нақты датасы көпке дейін белгіленбей, әр өңір әртүрлі тойлай бастады. 2011 жылы Алматы әкімдігінің жастар саясаты басқармасы 15 сәуірді – Ұлттық ғашықтар күні ретінде өздерінің ресми шараларының қатарына қосты. Бұл күні ғашықтар бір-біріне гүл сыйлап, кездесу ұйымдастырады.
Грузия, 15 сәуір
Грузия мемлекеті тұрғындарының басым көпшілігі христиан дінінің православ бағытын ұстанатын болғандықтан, өткен ғасырдың соңына қарай ел парламенті Қасиетті Валентин күнін "католиктердің мерекесі" деп, жастарға төл махаббат күнін 15 сәуір деп белгілеген. Бұл күн елде ресми мереке саналғандықтан, демалыс күні болып есептеледі. Грузиядағы махаббат күнінде әдеттегідей ғашықтар бір-біріне гүл, әтір немесе тағы да басқа кішкене сыйлықтар жасайды.
Испания, 23 сәуір
Испандықтар да ғашықтар күніне байланысты бөлінген бір күнді аздық етіп, қасиетті Георгийді (немесе каталон тілінде Сан-Хорди) еске алу күнін ғашықтардың мерекесіне айналдырды. Аңыз бойынша, шауып өлтірген айдаһардан алқызыл роза раушан өсіп шығып, Георгий оны бейтаныс сұлуға сыйға тартқан. Сол себепті де жыл сайын 23 сәуір күні жастар ең әдемі раушан гүлдерін сатып алып, сүйіктілеріне сыйлап жатады. Ал қыздар оған жауап ретінде жігіттерге кітап (әрине, махаббат тақырыбында) береді. Ал Барселонада ежелгі шайқасты еске алу күнінде көшеге айдаһарлардың киімін киген адамдар шығып, кеш соңында олар батырлардың қолынан "талқандалады".
Жапония, 14 наурыз
Көптеген елде аталып өтетін 14 ақпан күні ғашық жандар бір-біріне жүрекше түріндегі әртүрлі сыйлықтар жасайтын болса, бұл күні "күн шығыс елінде" керісінше тек қыздар ғана белсенділік танытады. Яғни сыйлақтарды тек нәзік жандылар ғана сатып алып, сүйіктілеріне сыйлайтын болған. Осы жайттың кесірінен жергілікті кәмпит өндіруші фирмалар өз сатып алушылары арасынан ер адамдарды мүлдем жоғалтып алады. Сондықтан бұл "әділетсіздікке" тосқауыл қойып, ерлерді дүкендерге "қайтару" мақсатында кондитерлік фирмалар ерекше жарнамалық науқан жүргізеді. Ол бойынша, жігіттер өз сүйіктілерінің жасаған сыйларына ақ зефирмен алғыс айтулары керек болған. Кейін міндетті түрде жасалуы керек сыйлықтар арасына ақ шоколад пен басқа да тәттілер кіреді. Сол кезден бастап 14 наурыз - Қасиетті Валентин күнінде қыздардың жасаған сыйлықтарына бір айдан кейін жігіттер ақ шоколадтармен қарымта жауап беретіндіктен, Ақ күн деп аталып, жыл сайын тойланатын мерекеге айналады.
Қытай, 20 мамыр
Қытайлықтар 20 мамыр күні сүйіктісіне махаббатын білдіреді. Себебі 5/20 деген датаның өзі қытай тілінде "Мен сені сүйемін" сөздерімен үндес. Сондықтан қытайлар бұл күні бір біріне "520!" деп жазады. Егер "521" деген жауап алса, оның да оған сезімі бар дегенді білдіреді. Сондай-ақ махаббатын 13 сағат 14 минутта білдіру керек, себебі бұл сандар "өмір бойына" деген сөзбен үндес.
Израиль, 3 тамыз
Израильде де тамыз айының 3 жұлдызында атап өтілетін төл махаббат мерекесі бар. Алайда бұл мереке ресми күнтізбеде белгіленгенімен, қазіргі кезде халық арасында аса танымалдыққа ие болып үлгере қоймаған. Ғашықтар тек бір-бірін ауызша құттықтап, кішігірім сый-сыяпаттармен алмасып жатады.
Сондай-ақ махаббат күнін Словенияда 12 наурызда, Чехияда 1 мамырда, Грецияда 3 шілдеде тойлайды. Сондықтан махаббат күнін ай сайын атап өтуге болады. Бұл керемет идея, себебі ол жақын адамыңызға оны жақсы көретініңізді айтуға, жақсы көңіл күй сыйлауға тағы бір себеп.