- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Гарвард түлектері еліміздегі...
Гарвард түлектері еліміздегі адами капиталды дамыту Қазақстан экономикасына оң әсер ететінін айтты
Гарвард университетінің түлектері еліміздегі адами капиталды дамытудың маңызын ҚСЗИ-да талқылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2023 жылғы 6 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты "Қазақстанда білім экономикасын қалыптастыру" тақырыбында сараптамалық кездесу өткізген болатын. Кездесу барысында Гарвард университетінің түлектері Қазақстанның экономикалық жаңғырту үдерісіндегі адами капиталды дамыту аспектілерін талқылап, адами капиталды басқарудың табысты әлемдік тәжірибелерін зерделеу және оларды бейімдеу арқылы ұсыныстар мен даму стратегиясын әзірледі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың өмір сүру сапасының артуына ықпал ететін экономика мен қоғамның дамуындағы адами капиталдың рөлін бірнеше рет атап өтті.
Айта кетейік, Адам дамуының индексі бойынша еліміздің көрсеткіштері жақсы. Қазақстанның индекс мәні - 0,8 тең, бұл адам дамуының деңгейі өте жоғары деген сөз. 2022 жылғы тұрақтылық бойынша есепте Қазақстан әлемнің 163 елінің ішінде 65 орынға ие болды.
ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов сараптамалық кездесу барысында Қазақстан қазіргі таңда үлкен өзгерістердің алдында тұрғанын және адами капиталдың сапасына байланысты дамудың экономикалық моделі негізгі фактор болатынын атап өтті.
"Біріншіден, ғылым мен білімге қаржыландыруды едәуір ұлғайту қажет. Бүгінде еліміздегі ғылымды қаржыландыру үлесі ЖІӨ-нің небәрі 0,12 пайыз құрайды. 2025 жылға қарай ғылымға жұмсалатын шығындарды ЖІӨ-нің 1 пайыз дейін жеткізу жоспарланған. Ғылымға баса назар аударатын дамыған елдер ЖІӨ-нің орта есеппен 2-4 пайыз ғылымды дамытуға жұмсайды (Израиль - 4,27 пайыз, Корея Республикасы - 4,23 пайыз, Жапония - 3,28 пайыз). Біз кіргіміз келетін ЭЫДҰ елдеріндегі ғылымға жұмсалатын орташа шығын - 2,48 пайыз.
Екіншіден, зерттеу университеттерін дамыту қажет. Әлемдік тәжірибеде адами әлеуеттің сапасын күшейтіп қана қоймай, мемлекеттердің технологиялық және инновациялық әлеуетін нығайта отырып, дамудың негізгі жолсеріктеріне айналатын - университеттер. Бұл ретте заманауи ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын құру бойынша шетелдік тәжірибе ғылым мен инновацияларды, оның ішінде ғылыми-техникалық парктер құруды мемлекеттік қолдаудың жоғары деңгейін көрсетеді", - деді институт басшысы.
Фото: kisi.kz
Еркін Тұқымовтың айтуынша, АҚШ-тың инновациялық саясаты жеке фирмалардың мемлекет қолдауымен әзірленген инновацияларға қол жеткізуін қамтамасыз етуге арналған университеттерді, ғылыми-зерттеу институттарын, зертханаларды біріктіретін ғылыми-техникалық саябақтарды құруға бағытталған.
"Үшіншіден, қалалық және ауылдық жастардың білім алу мүмкіндіктері тең болуы тиіс. Таланттарды жаңғыртудың тиімді жүйесін құру әрқашан еліміздегі басты міндеттердің бірі болады. Сапалы кадрларды өсіру үшін барлық жастардың, әсіресе ауыл жастарының сапасын жақсарту қажет. "Үлкен сандар заңын" ескере отырып, оған сәйкес білімді адамдардың үлкен массасынан таланттарды таңдау оңайырақ болады.
Білім сапасын көтеруіміз қажет, көптеген талантты оқушыларды қалыптастыратын орта құруымыз керек. Қазіргі таңда барлық мектептердің төрттен үш бөлігі ауылдық жерлерде орналасқан, оларда оқушылардың 45 пайыз оқиды.
Төртіншіден, адами капитал үшін күрес табиғи ресурстар үшін бәсекелестіктен басым.
Экономиканы табысты әртараптандырып, ұзақ мерзімді даму үшін жоғары білікті кадрларды тарту мәселесі туындайды деген болжамдар бар.
Осылайша, Korn Ferry Hay Group (басқарушылық консалтинг саласындағы халықаралық компания) зерттеулеріне сәйкес, 2030 жылға қарай әлемдік экономика білікті кадрлардың жетіспеушілігін сезінеді. Әлемде мамандардың тапшылығы 85,2 миллион адамды құрайды, осыған байланысты жаһандық экономика шамамен 8,5 триллион пайданы жоғалтады. Қазақстан да бүгінде бірқатар мамандықтар бойынша белгілі бір кадр тапшылығын сезінуде. Сондықтан біз озық жұмыс істеуіміз керек. Біздің ішкі қорқынышымыз - иммигрантофобияны жеңу керек.
Бірақ бұл жағдайда тепе-теңдікті сақтау керек және біреу бізден жақсы деп ойлаған кезде өзімізге көбірек сену керек. Біздің тәжірибеміз жоқ салаларға шақыру керек.
Мысалы, Ұлыбританияда былтырдан бастап "Әлеуеті жоғары тұлға" (High potential Individual visa) визасы арқылы жетекші британдық емес университеттердің түлектеріне елдің еңбек нарығы қолжетімді болды. Визаға түскенге дейін бес жыл ішінде бакалавр, магистр немесе PhD дипломдарын алған әлемнің үздік университеттерінің түлектеріне виза беріледі.
АҚШ-та F-1 типті шетелдік виза иелері америкалық жоғары оқу орындарын бітіргеннен кейін Optional Practical Training (OPT) бағдарламасына өтініш бере алады. Бағдарлама аясында түлек 1 жыл бойы АҚШ-та мамандығы бойынша жұмыс істей алады. STEM бағытындағы түлектер үшін бұл мерзім екі жылға дейін ұзартылды", - деді Еркін Тұқымов.
Сондай-ақ ол Қазақстанның таланттар үшін жаһандық жарысқа қатысуға және сол арқылы өзінің адами капиталын нығайтуға әлі кеш емес екенін, оның сапасы елдің экономикалық және әлеуметтік дамуы үшін түйінді мәнге ие болатынын атап өтті.
Өз кезегінде денсаулық сақтау саласындағы сарапшы Ардақ Амангелдиев адами капитал факторларының бірі - елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына қызмет атқарып, үлес қосуға мүмкіндігі бар дені сау және ойлы ұлт деп санайды.
"2019 жылдан бастап денсаулық сақтауды қаржыландыру 2,5 есеге 2019 жылғы 1 трлн теңгеден 2023 жылы 2,5 трлн теңгеге дейін) ұлғайды. Қазақстанда денсаулық сақтауды қаржыландыру ЖІӨ-нің 20 пайыз аспайды, дамыған елдерде бұл көрсеткіш ЖІӨ-нің 40-50 пайыз. Осылайша, әлеуметтік секторды, әлеуметтік теңдікті қолдау, халықтың табысын қорғау - бүгінгі таңда адами капиталдың аса маңызды факторы. Сол себепті бұған ерекше назар аудару қажет", - деді Ардақ Амангелдиев.
Нұркен Ормантаев, М. Нәрікбаев атындағы ҚазГЗУ профессоры, Гарвард университетіндегідей еліміздің ЖОО көшбасшылық курстарын дамыту қажеттігін атап өтті.
"Білім беруді дамыту мен Қазақстанда шетелдік диплом алу мүмкіндігі мақсатында 2021 жылы Алматыда алғашқы De Montfort University Kazakhstan Британ университетін аштық. Бүгінгі таңда Астанада, сондай-ақ өңірлерде университет, мектеп ашу жоспары бар.
Айта кетейін, Қазақстанда шикізат өндіру мен ірі өндірістер өңірлерде орналасқан және осы өңірлерге мамандарды тарту үшін білім беру, медицина жағдайларын жақсарту қажет. Сонымен қатар Гарвард университеті сияқты еліміздің ЖОО көшбасшылық курстарын дамыту қажет деп санаймын. Қарым-қатынас жасау, келіссөздер жүргізу сияқты дағдылар бүгінгі таңда өте маңызды", - деді Н.Ормантаев.
Сәтбаев университеті Директорлар кеңесінің төрағасы Қуаныш Ерғалиевтің айтуынша, адами капитал - көп факторлы, оған денсаулық сақтау, білім беру, табыс және т. б. кіреді.
"Бізде білім беру саласында жақсы база бар. Гарвардқа оқуға түскенде басқа студенттерден кем болған жоқпыз. Бірақ оқуды аяқтай сала, қандай да бір себептермен біздің кадрлар ешкімге қажет емес болып шықты. Сондықтан бізге не жетіспейтін ойлауымыз керек. Мүмкін soft skills жетіспейтін шығар. Әрине, сұрақтар көп, бірақ негізгі факторлардың бірі - корпоративті мәдениет - бұл ертеңгі стратегия. Корпоративтік мәдениет университетте оқытылмайтын soft skills дағдыларын береді.
Біз демократиялық тәсілдерді, көлденең тәсілдерді білім беру және оқыту арқылы сіңіруіміз керек. Мұны қалай жасау керектігі туралы сұрақ туындайды. Біз бәріміз не істеу керектігін білеміз, бірақ оны қалай істеу керектігін білмейміз. Қалай жүзеге асыруға болады - бұл басқа мәселе. Сол себепті жаңа ұсыныстар қажет. Мүмкін акселерейшн бөлмесін енгізу керек шығар, мүмкін брейн шторминг жасау керек шығар. Бұл біздің соңғы кездесуіміз емес деп үміттенемін, бұдан кейін өз қауымдастығымызды құратын шығармыз. Зерттеу университеттері қажет екенін жеткізу үшін қолдау қажет. Бұл ең алдымен инновациялық өнімдерді құру, ғылымды ілгерілету. Академиялық ортаға тарту үшін преференциялар керек", - деді Қуаныш Ерғалиев.
Nazarbayev University-нің бөлім директоры Еркен Тұрғанбаевтың пайымдауынша, адами капитал Қазақстан экономикасына оң әсер етеді. Бірақ бұл әсер тікелей емес, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы еңбек өнімділігі арқылы көрсетіледі.
"Адами капитал соңғы 20 жылда Қазақстандағы жаңа технологиялар өндірісіне емес, әлемде бар технологияларды енгізуге әсер етті. Бұл да жақсы, бірақ біз өзіміздің технология өндірісі болғанын қалаймыз", - деді Еркен Тұрғанбаев.
Baiterek холдингі төрағасының орынбасары Ғалым Үсен білім алуға емес, практикалық дағдыларды алуға баса назар аудару керектігін айтты.
"Мұны Жапониядағыдай жүйелі түрде жасау керек. Мысалы, түлектерге арналған тренингтер өткізілетін жерде практикалық дағдылар қалыптастырылады.
Сондай-ақ Жапонияда, АҚШ-та internship жүйесі жұмыс істейді, оған сәйкес 3 курс студенттері өз білімдерін практикалық дағдылармен қатар бекітеді және оқуды аяқтағанда дайын маман болып шығады", - деп қорытындылады Ғалым Үсен.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина