"Бақытты ақшаға сатып ала алмайсың" деген сөзді естіген боларсыз?! Ал Гарвард социологы бақытты ақшаға сатып алудың бірнеше әдісін ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Doctorpiter порталына сілтеме жасап.
Ақша – бақыт деңгейінің басты өлшемі емес. Әрине, кірістің артуы – қуануға жақсы себеп, бірақ кірісі орташа адам миллиардерден де бақытты болуы әбден мүмкін.
Егер қолыңызда ақша болса да, өзіңізді бақытсыз сезінсеңіз, оның көмегімен өмірге қанағаттанудың бірнеше әдісі бар.
Ақшаны әсер алуға жұмсаңыз
Бақыт сезімін ұмытылмас жаңа әсерлер береді. Ендеше, неліктен ақшаңызды саяхат, театр, концерт, мұражай немесе көрме, дәмді тағамдары бар кафе немесе мейрамхана, экскурсия және сапарға жұмсамасқа? Өзіңіз үшін жаңалық ашу сізге қуаныш пен бақыт сыйлайды. Сондықтан ақшаңызға жаңа әсерлер сатып алыңыз, олар жан-дүниеңізді эмоцияға және позитивке байытады.
Уақытты үнемдеңіз
Уақыт – адамның ең бағалы ресурсының бірі. Бәріне үлгерудің қандай қиын екенін көпшілік біледі. Жұмыс істеу, үй жинау, балаларға қарау, серігіне уақыт бөлу және өзіне күтім жасауға уақыт табу – бұлардың бәрі адамды шаршатып жібереді.
"Көп уақытыңызды алатын нәрселерді азайту арқылы өзіңізді бақытты сезінуге мүмкіндік аласыз. Мысалы, робот-шаңсорғыш немесе ыдыс жуатын машина сатып алыңыз, үйді тазалау үшін арнайы қызметкерлерді шақырыңыз, балаларға репетитор жалдаңыз, онлайн-қызметтің барлық мүмкіндіктерін пайдаланыңыз", - дейді профессор Брукс.
Басқаға бақыт сыйлаңыз
Бақытты болудың тағы бір әдісі – басқаларға бірдеңе беру.
"Мұқтаж жандарға көмектесу, сыйлық алу, қандай да бір іске ақша салу немесе араласу серотонин, дофамин және окситоцин гормондарының артуына ықпал етеді. Ал бұл адамды бақытты етеді", - дейді маман.