Ғалымдар тісті кариестен қорғайтын ең қарапайым тәсілді тапты

Ғалымдар тісті кариестен қорғайтын ең қарапайым тәсілді тапты
Фото: depositphotos.com

Калифорния университетінің ғалымдары тістерді кариестен қорғайтын ең оңай жолдарының бірін атады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Gazeta.Ru-ға сілтеме жасап.

Бір стақан қарапайым су ауыз қуысының табиғи қорғаныс механизмдерін небәрі бір сағат ішінде белсендіре алады.

Экспериментке профилактикалық стоматологиялық бақылаудан өткен 5–10 жас аралығындағы 105 бала қатысты. Бастапқы сілекей талдауынан кейін балалар үш топқа бөлінді: біріншісіне 500 мл су, екіншісіне 200 мл алма шырыны берілді, үшіншісі бақылау тобы болды. 45–60 минуттан соң зерттеушілер сілекей үлгілерін қайта алып, жеті негізгі параметр бойынша талдады.

Су ішкен балаларда сілекейдің қышқылы төмендеп, тіс эмалін бұзатын ферменттердің деңгейі азайғаны анықталды. Сонымен қатар, ауыз қуысында иммунитетке қатысатын қорғаныш ақуыздары мен иммуноглобулиндердің мөлшері артты. Алма шырыны да, сұйық ішпеу де мұндай әсер бермеді.

Авторлардың түсіндіруінше, су сілекейдің pH деңгейін қалыпқа келтіреді, ауыз қуысының жергілікті қорғаныс жүйелерінің жұмысын қалпына келтіреді және сілекейдің осмолярлығын (сілекейдегі еріген заттар - тұздар, қанттар, ақуыздар және басқа молекулалардың концентрациясын сипаттайтын көрсеткіш) төмендетеді.

Бала тәтті сусын ішкенде сілекейдің осмолярлығы артып, онда белсенді заттар көбейеді. Бұл сілекейдің қалыпты құрамын және функцияларын бұзуы мүмкін.

Ғалымдардың пікірінше, тәтті сусындарды сумен алмастыру, әсіресе балаларда, кариес пен қызыл иектің қабыну ауруларының алдын алудың тиімді әрі қолжетімді тәсілі болуы ықтимал.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Бөлек
Logotype Massaget