Жапониядағы Киото университетінің зерттеушілері 310 мысық иесінің арасында сауалнама жүргізіп, үй жануарларының төрт түрлі мінез ерекшелігін анықтады. Зерттеу нәтижесі PLOS One ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды Massaget.kz.
Мамандар мысықтардың бейтаныс адамдарға, жаңа ойыншықтарға және тосын жағдайларға қалай әрекет ететінін зерттеген. Зерттеу нәтижесінде мысықтардың мінезі төрт топқа бөлінді:
- өте көпшіл — адамдармен оңай тіл табысады және қорқынышы аз;
- көпшіл — мейірімді, бірақ аздап қорқақ;
- үркек — мазасызданып, жаңа нәрселерден қашқақтайды;
- ұялшақ — бір мезетте әрі қорқады, әрі қызығушылық танытады.
Ғылыми зерттеулерде ұялшақтық пен қорқыныш көбіне жеке қарастырылмайды. Жануарлардың мінезі әдетте "қорқақтан батылға дейінгі" шкала бойынша бағаланады. Сондықтан бұған дейін жануарларға ұялшақтық қасиеті тән екені нақты анықталмаған.
Ғалымдардың айтуынша, төртінші топтағы мысықтардың мінезі бейтаныс адамдарға қызығушылық танытқанымен, оларға жақындауға қорқатын сәбилердің әрекетіне ұқсайды екен. Бұл күрделі тұлғалық ерекшеліктердің адамға ғана емес, жануарларға да тән екенін көрсетеді.
«Зерттеу нәтижесі мысықтардағы ұялшақтықтың адамдардан қорқумен ғана шектелмейтін күрделі құбылыс екенін көрсетті. Үй жануарлары әлеуметтік мінез-құлықтың алуан түрін танытады», — деді зерттеу авторларының бірі Мадока Хаттори.
Ғалымдар мысықтардың мінезін тереңірек түсіну олардың қажеттіліктерін жылдам анықтауға көмектеседі деп есептейді. Бұл ақпарат үй жануарлары иелеріне де, панажай қызметкерлеріне де пайдалы болуы мүмкін.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
О. Сансызбай