Массачусетс технологиялық институтының (MIT) ғалымдары секундына бір триллион кадр түсіре алатын камера құрастырды. Бұл аппарат қазіргі қолданыста жүрген кинокамерадан 42 миллион есе жылдам жұмыс істейді. Америкалық ғалымдар жаңа камераның көмегімен әлемдегі ең жылдам қозғалысты, яғни жарықты видеоға түсіріп алды.
«Егер осы камераның көмегімен тапанша оғын түсіретін болсақ, оқтың бір секунд қозғалысын үш жыл тамашалайтын едік», - дейді MIT ғалымы New York Times басылымына берген сұқбатында.
Жоба авторлары сағатына 966 миллион шақырым жылдамдықпен қозғалатын жарық фотонын түсірген. Шынайы уақыт бірлігінде бұл небары бір наносекундта өткен жарық қозғалысы. Егер қарапайым секундты 31,7 жылға теңесек, онда наносекундты біз білетін секундқа сәйкестендіре аламыз. Адамның қарапайым көзі мұндай жылдамдықпен қозғалған жарықты байқамайды. Ал супер камера оның қозғалысын 20 секундтық Time Lapse тәртібінде көрсете алған.