Ғалымдар аула сыпырып жүр: Агроғылыми институттардың қазіргі жағдайы қандай?

Қазақстандағы ауыл шаруашылығы саласында 11 ғылыми-зерттеу институты бар. Институттардың материалдық базасы, кадрлардың айлықтары бюджет есебінен қаржыландырылғанмен, сала сарапшылары ғылым ордасы мен ғалымдардың жағдайы мүшкіл дейді.

Massaget.kz тілшісі агроғылым саласындағы ғылыми институттардың бүгінгі жай-күйі қалай деген сұраққа сала сарапшыларымен бірге жауап іздеп көрді. 

almasbek.kz

"Шаңырақ" Ұлттық агроқозғалысы" республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, сарапшы Алмасбек Садырбаевтың пайымынша,  ғылыми институттарды толықтай Ғылым және жоғары білім министрлігіне қайтару керек. 

"Агроғылымның басты мәселесі - агроғылымдағы тиімсіз әкімшілендіру. Қазіргі Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың ғылымға қатысты нақты саясаты мен ұстанымы жоқ. Ғалымдар өз проблемаларын жеткізіп, шешім сұрап барғанымен, түбегейлі өзгерістерге бастама жасалмай жатыр. Бұрын жүздеген мың гектар жерді "ҚазАгроинновация" арқылы АШМ өз бақылауына алып, ғылыми институттар мен тәжірибе шаруашылықтарын жерсіз қалдырған. Бүгінгі таңда ғылыми жетістіктерге қол жеткізу үшін қажетті ресурстар жетіспейді. Осының салдарынан агроғылым құлдырауға ұшырады. Ғылым саласында жастар аз, кадр тапшылығы бар. Осыдан бір жыл бұрын мынандай парадокс болған, ғалымдар қаржыландыру жоқ болғандықтан, еңбек биржасында жұмыссыздар қатарында тұрып, көше сыпырып кетті. Қоғамдық жұмыстармен айналысты. Алматы облысы Медеубеков атындағы Мыңбаев ауылында қой шаруашылығы ғылыми институты ғалымдарының жағдайы - осы. Ғылыми институттардың басшыларына қатысты көптеген қылмыстық істер қозғалып жатыр. Жерді, ғимаратты, техниканы заңсыз беріп жіберген. Сонымен қатар ғылыми институттардың басшыларына қатысты жер, ғимарат, техникаға байланысты заңсыздықтар бойынша қылмыстық істер қозғалды. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігі агроғылымды тиімді басқара алмайды. Бұл саланы Ғылым және жоғары білім министрлігіне, яғни Саясат Нұрбекке тапсыру қажет. Ғылыми институттарды одан әрі құлдыратуға жол берілмеуі керек. Шетелдерде ғылыммен тек ғалымдар айналысады, бұл тәжірибені біз де ұстануымыз керек", - деді Алмасбек мырза. 

Baraev.kz

СҰРАУЫ ЖОҚ 400 МЫҢ ДОЛЛАР

Сарапшының айтуынша, ғылым комитетінде жас ғалымдармен проблема жоқ, тек агроғылымда ғана бар. Әкімшілік жүйеден бөлек, саладағы жемқорлық та ғылымның дамуына тосқауыл болып отыр. 

"Александр Бараев атындағы ғылыми-зерттеу институтынан Украинаға осыдан 3 жыл бұрын бидай алуға 400 мың доллар төлеген. Содан не бидай да жоқ, не 400 мың доллар да жоқ. Ең сорақысы - жауапқа тартылған ешкім жоқ. Институттың жағдайы қанағаттанарлық емес. Біз бидай тұқымын өзіміз өндіре алмай отырмыз, жүздеген мың тонна бидай Ресейден аламыз. Қарағандыда бір институт 700 млн теңгені бизнестен қарызға алып, қайтара алмаған соң ғылыми институттың жерін бере салады. Агроғылым былыққа белшесінен батып жатыр, оны біреу тоқтату керек", - деп пікір білдірді Алмасбек Садырбаев. 

МИНИСТРЛІК НЕ ДЕЙДІ?

Ауыл шаруашылығы министрлігінің (АШМ) ресми сұрауымызға берген мәліметінше, соңғы жылдары ғылыми-зерттеу институттарының материалдық базасын жаңартуға жылына шамамен 13 млрд теңге бөлініп келеді.

Министрлік құрамына кіретін "Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы" 33 еншілес ұйымды басқарады, оның ішінде 11 ғылыми-зерттеу институты мен 17 тәжірибелік станция бар. Орталықтың иелігіндегі жер учаскелері 260 мың гектарға жетсе, техникалық құрал-жабдықтар саны 9 мыңнан асады. Бірақ осыған қарамастан, ғылыми жетістіктерге қол жеткізуге қажетті ресурстар мен тиімді басқару жетіспейді.

"Ғылыми ұйымдарды жаңғырту үшін 2018 және 2019 жылдары қоғам жарғылық капиталын ұлғайту арқылы 269 "Бюджеттік бағдарламасы" шеңберінде қоғамның 12 еншілес ұйымына 13 жобаны іске асыру үшін жалпы сомасы 12,6 млрд теңгеге бюджет қаражаты 1 185 бірлік техника мен жабдықтар мен ғылыми жабдықтар сатып алуға бөлінген. Бұл бағдарлама бойынша бөлінген қаржы толықтай игеріліп, қоғамның еншілес ұйымдары қажетті материалдық-техникалық жарақтандырылды", - делінген жауапта.

 

Сондай-ақ А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының жарғылық капиталы 2018 жылы 1 млрд теңгеге ұлғайтылған. 

2018 жылы А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы ЖШС 131 бюджеттік базалық қаржыландыру бағдарламасы бойынша 434 млн теңге сомасына 13 инфрақұрылым объектісіне ағымдағы жөндеу жүргізді. Сонымен қатар 2018 жылы мемлекеттік инвестициялық жобалар арқылы А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы ЖШС-ның материалдық-техникалық базасын жарақтандыруға жарғылық капиталы 1 млрд теңгеге ұлғайтылды", - делінген жауапта.

"ҰЛТТЫҚ АГРАРЛЫҚ ИНСТИТУТТЫ ЖАБУ КЕРЕК - ДЕПУТАТ"

Parlament.kz

Үкімет мінберінде ауыл шаруашылығы мәселесін жиі көтеріп жүрген Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов - "Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру ор­талығын" жауып, университеттер мен аграрлық институттарды Ұлттық ғылым академиясына өткізу керек дейді. 

"Ғылым туралы" заңның 27-бабына сәйкес, аграр­лық ғылыми-зерттеу институттары мем­ле­кеттік тапсырыстарды конкурссыз орындай алмайды. Олар қаржы алу үшін берілген тапсырмалармен тендерге қатысқандай, конкурсқа қатысуға тиіс. Ғылым - ойынға айналған заман. Ал конкурста жеңіске міндетті түрде шетелдік басылымда мақаласы жарық көрген жас ғалым жетеді. Саны бар, сапасы жоқ тақырыптарға қаражат бөлінеді. Талай жылын өндірістегі зерттеулерге сарп еткен тәжірибелі ғалымдардың еңбегі ескерусіз қалады. Тағы бір толғандыратын мәселе - ғы­лыми-зерттеу институттарының уни­верси­тет­терге берілуі. Біздің түсіні­гі­мізде жоғары оқу орны ғылыммен емес, маман дайындаумен айналысуға тиіс. "Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру ор­талығын" жауып, университеттер мен аграрлық институттарды Ғылым министрлігіне өткізу қажет және оларды тікелей Ұлттық ғылым академиясының басқаруына беру керек. Бүгінде орта жасы 60-тан асқан ғалымдар реформадан шаршады. Ал жас ғалымдар жоқтың-қасы, бар болса да олардың дайындықтары көңіл көншітпейді. Бұл - бірінші және бас­ты мәселе. Себебі дана қазақтан қалған "оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ" деген мақалды мақала мәнімен тәпсірлесек, "ғалымсыз ғылым жоқ, ғылымсыз күнің жоқ".

Агроғылымдағы дағдарысты тоқтату үшін салаға шынайы реформалар қажет. Әкімшілік басқару мен қаржыландырудың тиімділігін арттырмай, Қазақстанның ауыл шаруашылығы ғылымының болашағы бұлыңғыр болып қала бермек. Ал Украинадан бидай тұқымын алуға жұмсалған 400 мың доллар қаражаттың қалай игерілгенін, оған кімдердің жауапты екенін келесі материалымызда ұсынамыз. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!