Ғалымдар анардың жүрекке ықтимал пайдасын анықтады

Анар, грек жаңғағы және кейбір жидектерді тұтынғаннан кейін ағзада түзілетін уролитин А қосылысы жүрек жұмысына оң әсер етуі мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мұндай қорытындыға Лондон корольдік колледжінің ғалымдары келген.

Зерттеушілер уролитин А-ның жүректің шығару фракциясы сақталған жүрек жеткіліксіздігі кезіндегі ықпалын зерттеген. Бұл жағдайда жүрек қанды айдау қабілетін сақтайды, алайда қатайып, босаңсуы қиындай түседі. Жүрек жеткіліксіздігінің шамамен жартысы осы түрге жатады.

Жануарларға жүргізілген тәжірибелерде уролитин А жүрек жұмысының кейбір көрсеткіштерін 80 пайызға дейін жақсартқаны байқалған.

Сонымен қатар бұл қосылыс жүрек бұлшықетінің жақсырақ босаңсуына ықпал етіп, тыртық тінінің түзілуін азайтқан және жүрек бұлшықетінің шамадан тыс ұлғаюының алдын алған.

Ғалымдар оң әсерді зертханада жасалған адам жүрек тінінің үлгілерінен де байқаған.

Алайда зерттеушілер асығыс қорытынды жасауға болмайтынын ескертеді. Әзірге бұл зерттеу анар жеу жүрек жеткіліксіздігін емдей алатынын дәлелдемейді.

Қазіргі нәтижелер жануарларға жүргізілген тәжірибелер мен зертханада жасалған адам тіндеріне негізделген. Уролитин А-ның тиімділігі мен қауіпсіздігін нақтылау үшін адамдардың қатысуымен клиникалық зерттеулер қажет.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!