Биолог, жасушалардың қартаю үдерісін зерттейтін маман Никола Конлон өмірді ұзартады деп саналатын екі әдетке қатысты кең тараған түсініктерді жоққа шығарды. Бұл туралы The Telegraph басылымы жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Конлон кейінгі уақытта танымал бола бастаған, негізінен ет жеуге негізделген «жыртқыштар диетасының» тиімділігіне күмән келтірді. Биологтың айтуынша, тек етпен тамақтану ағзаны жасұнық, С дәрумені және басқа да маңызды қоректік заттар бар көптеген тағамнан айырады. Маман етке негізделген тамақтану үлгісі адамның өмірін ұзартатынын дәлелдейтін ғылыми деректер жоқ екенін атап өтті. Керісінше, ұзақ өмір сүруімен ерекшеленетін адамдар көбіне өсімдік тектес тағамдарды тұтынады.
Сонымен қатар, Конлон мұздай суға шомылу адамның өмірін ұзартады деген пікірмен де келіспейді. Оның түсіндіруінше, ағза аз уақытқа суықтың әсеріне ұшырағанда, бойында төзімділікті арттыруы мүмкін физиологиялық өзгерістер жүреді. Алайда мұндай әдіс адам денсаулығына әсері жөніндегі ғылыми зерттеулер әзірге жеткіліксіз екенін ескертті.
"Кейбір зерттеулер суық суға шомылу күйзелісті аздап төмендетіп, ұйқы сапасын жақсартуы мүмкін екенін көрсетеді. Дегенмен зерттеу нәтижелері бірізді емес. Сондықтан әзірге мұздай суға түсетін арнайы ванна сатып алуға асықпас едім", – деп түйіндеді Конлон.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Massaget.kz