- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ғажайып саяхат: "Астана...
Ғажайып саяхат: "Астана Балет" театрында "Жібек жолы"
"Астана Балет" театрының Х мерейтойлық маусымы да аяқталуға жақын. 8-шілдеде ақын Бақыт Қайырбековтың либреттосына Мукарам Авахри қойған "Жібек жолы" спектаклі көрсетілмекші. Авторлар көрермен қауымды Ұлы Жібек жолының бойымен саяхат құруға шақырады.
"Бұл спектакльдің репертуарымызда алатын орны ерекше. Көрермен көзайымына айналған туынды. Әсем, қайталанбас туынды Шығыстың тылсым әлемінің сырын аша түседі. Біз Жібек жолының бойындағы елдерге саяхат құрамыз. Бұл балетте дәстүр мен қазіргі заманның өрнектері, орындаушылардың шеберлігі мен әр көрерменді терең ойға жетелейтін көріністер үйлесім тапқан. Бұл туынды көрермен көңілінен шығып, көпшілік ерекше қызығушылықпен тамашалайтын спектакльге айналғанын мақтан тұтамыз", - деген ойымен бөлісті, "Астана Балет" театрының көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.
"Жібек жолы" спектаклі - шығыс колориті, өткен дәуірдің қайталанбас атмосферасы, сахнаның безендірілуі мен бірегей хореография тілі үйлесім тапқан нағыз мәдени қазынаға айналды. Сюжет иірімдерінен тарих тағылымын танып, мәдениеттердің өзара алмасуы мен адамдардың арасындағы қарым-қатынастың ерекше маңызға ие екенін түсінеміз.
Балет төрт композитордың шығармасына сүйеніп қойылған. Атап айтқанда, Арман Амар, Владимир Иванофф, Омар Фарук Текбилек және Ренат Ғайсин.
"Мерейтойлық маусымымызды ерекше мақтанышпен атап өтіп жатырмыз. Себебі, біздің шығармашылығымызға көңіл бөлетін көрермен қауыммен бірлесіп, болашақ тарихтың өрнегін салып жатырмыз. Көрерменнің ыстық ықыласының арқасында жеткен жетістігіміз баршылық. 10 жыл ішінде біз ғаламат спектакльдер шығарып, мыңдаған адамның жүрегінің төрінен орын алғанымыз ақиқат. Сондықтан, біз үшін әр көрермен қымбат, олардың қолдауының арқасында біз шабыт алып, жаңа белестерге ұмтыламыз. Болашақта алар асуымыз, тың шығармашылық белестеріміз көп боларына сенімдіміз", - деп қорытты өз ойын, театр директоры Александр Совостьянов.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz