- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ғаділбек Жаңай мақтаншақтыққа...
Ғаділбек Жаңай мақтаншақтыққа салып, той жасап жарысатын қазақтарды сынға алды
Танымал әнші Ғаділбек Жаңай Massaget.kz тілшісіне берген сұхбатында мақтаншақтыққа салып, той жасап жарысатын қазақтарды сынға алды.
Әнші алдымен тойға шығып, ән шырқау жеңіл жұмыс деп ойлайтындарға жауап беріп, қызметтік барлық түрі жақсы екеніне назар аударды.
"Мен қазір тойға аса қатты ден қоя алмай жүрмін. Көп адам тойды қызмет ретінде қабылдамайды, жеңіл-желпі іс ойлайды. Той негізі қазына, ол мектеп", - деді ол.
Ол сонымен қатар, қазақтарды той жасау кезінде жарыспауға шақырды.
"Әдетте, мен той иесімен сөйлескен кезде оған кешті жарыса емес, махаббатпен жасауға ұсыныс тастаймын.
Жақында бір бауырымыз анасына той жасап берді. Бүкіл назарды анасына аударды. Тойға режиссер жалдады. Салтанатты дастарқан жайылардан бір күн бұрын режиссер маған хабарласып, "анамызды алып шығатын сәтте сіздің көмегіңіз керек болып тұр. Анамызды ана туралы әніңізбен алып шықсаңыз деп едік" деді. Бұл мен үшін қуаныш. Мен сол анамыздың батасымен көгеремін. Алған ақша жақсы, мен оны өміріме, керек заттарға жұмсаймын. Ал анамыз берген бата ол рухани байлық, ол көзге көрінбегенімен пайдасы үлкен. Ол той Шымкентте болды, шамамен 700-800 адам шақырылған. Ана туралы хор айтылады, сосын біз шығамыз, сахнаға көтеріліп, мен ән айтамын. Олар тағы анамыз жүретін арнайы сахна дайындаған. Әннің екінші шумағына келгенде түтін жіберіледі. Сосын бірге халықтың арасымен жүріп өттік. Тойдағы халықтың бәрі жылап тұр. Той деген осындай болуы керек, оның берері болуы қажет, мақтаныш қана емес. Біреумен жарысудың қажеті жоқ, себебі ол, жарысумен ақ өтіп кетеді. Мен мысалы, ертең той жасайтын болсам, "не беремін, не үшін жасаймын?" деп ойланамын", - деді әнші.
Өнер иесі тағы бір мысал келтірді.
"Тағы бір мысал келтірейін. Ол тойда "туыстарды" тілек айтуға шақырған кезде қонақтардың жартысы шықты. Сонда үлкен бір ақсақал тұрып жылады. Той иесіне "рақмет бауырым, көрмей кететініміз осы ау деп ойлап едік" деді. Той иесі "тойды жасауымыздағы мақсат та осы болған. Қызымызды өзіміз отырып, үйден шығарып салсақ та болар еді, бірақ осылай туыстардың басы қосылсын дедік. Біз бір-бірімізді көрмей қалдық, ағайындықтан алыстап кеттік, біз бір-бірімізді танимыз, бірақ мына балалар танымайды. Оған біз жауапшымыз" деді. Осы арқылы тойдың не үшін ұйымдастырылғаны ашылды", - деді әнші.
Ғаділбек Жаңай тойды табыс көзі ретінде қарастыратынын да мойындады.
"Біз тойды міндетті түрде табыс көзі ретінде қарастырамыз. Өйткені қаражат та адамға шабыт береді. Аш адам қалай шабыттануы мүмкін? Той керек, әрине, бұл басты мақсат деп айтпаймын. Мені тойға шақырған кезде мен осы жағына көбірек мән беремін. Ал ақша жағын айтатын болсам, қазір мен тойдағы гонорардың соңына түспегеніме біраз болды. Бұрын әрине түсетінмін, қазір жоқ. Енді бір қызығы, мен табысқа емес, шын көңіліммен ниетке назар аударғанда, маған ұсыныс та көбірек түсе бастады. Менің мақсатым - дұрыс дүние беру. Шама келсе, тапсырыс иесімен кездесіп, бетпе-бет келісуге тырысамын", - деді өнер иесі.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә