Футзалдан өтіп жатқан әлем чемпионатының ширек финалында Қазақстан Аргентинадан жеңілді. Матчтан кейін ұлттық құрама капитаны Игита күтпеген мәлімдеме жасады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстан құрамасының капитаны бұл ойын ол үшін соңғы әлем чемпионаты болғанын айтты.
"Қай кезде де жеңілу қиын. Біз бірінші таймда өте жақсы ойнадық. Бірақ Аргентина қателіктерді кешірмейтін команда. Сондықтан олар екінші таймда біздің осал тұсымызды тиімді пайдаланды. Олар өз мүмкіндіктерін мүлт жіберген жоқ. Сөйтіп, ойын біздің бақылауымыздан шықты. Бірақ мен команданы мақтан тұтамын. Қазір біртұтас отбасы болып кеттік", – деді Игита.
38 жастағы қақпашы ұлттық құрамамен Еуродан кейін карьерасын аяқтайтынын хабарлады.
"Бұл менің соңғы әлем чемпионатым. Жартылай финалға өткіміз келді, алайда бәрі менің қолымда емес. Әлі де денсаулығым жарап тұр. Еуро іріктеу турниріне күшім жетеді деп ойлаймын. Бірақ келесі әлем чемпионатына қатыспаймын. Мен Еуро чемпионатынан кейін карьерамды аяқтаймын", – деді ол.
Еске салайық, Қазақстан Футзалдан Өзбекстанда өтіп жатқан әлем чемпионатында бүгін ширек финалда Аргентинамен ойнап, ойсырай ұтылды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз