Футболдан ЕУРО-2024: көп күткен жолдаманы ала аламыз ба?

Футболдан Қазақстан құрамасының 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеуіндегі қарсыластары белгілі болды. Топта кезінде Еуропа чемпионы болған құрама мен әлемнің ресми түрде ең әлсіз командасы бар. Massaget.kz тілшісі Қазақстан құрамасының ЕУРО-ға жолдама алу мүмкіндігін сараптап көрді.

Топтағы қарсыластарымыз кім?

Қазақстан жеребе қорытындысы бойынша Н тобына түсті. Онда Дания, Финляндия, Словения, Солтүстік Ирландия мен Сан-Марино бар.


Фото championat.com сайтынан

Дания құрамасы - топ фавориті. Қазір ФИФА рейтингінде 10-орында тұр. Тура 30 жыл бұрын бұл құрама Швецияда Еуропа чемпионы болған, одан бөлек тағы екі рет қола медаль алғаны бар. Ал биыл команда Катардағы әлем чемпионатына қатысады.

Дания құрамасының сапындағы футболшылардың бәрі топ-лигаларда ойнайды. Андреас Кристенсен "Барселонада", Пьер-Эмиль Хейберг "Тоттенхэмде", Кристан Эриксен "Манчестер Юнайтедте" жүр. Жалпы, топ-5 лигада даниялықтар толып жүр.


Фото championat.com сайтынан

Финляндия құрамасы да азулы командалар қатарына қосылып жатыр. ФИФА рейтингінде 56-орында тұр. 2020 жылы алғаш рет Еуропа чемпионатына қатысқан. 

Бұл құраманың да көптеген ойыншысы топ-лигаларда ойнап жүр. Ең атақты ойыншылары - Лукаш Градецки ("Байер 04") мен Теэму Пукки ("Норвич Сити").


Фото: aarav.co

Словения да Еуропа чемпионатын сағынып жүр. 2000 жылы ЕУРО-ға алғаш рет қатысқан. Содан бері іріктеуден өте алмай жүр. 

Словениялық футболшы десек еске әлемнің үздік қақпашыларының бірі Ян Облак еске түседі.


Фото: irishfa.com

Солтүстік Ирландия 2016 жылы ғана Еуропа чемпионатына қатысқан. Бірақ команда кейінгі жылдары, керісінше, төмен қарай сырғып бара жатқан секілді. Биыл жеребеде бесінші себетте болды. 


Фото: fifa.com

Ал Сан-Марино құрамасы - ресми түрде әлемнің ең нашар командасы. Себебі ол ФИФА рейтингінде соңғы, 211-орында тұр. Команда ресми матчтарда ешқашан жеңіске жетіп көрмеген. Тек бір рет қана жеңген, онда да жолдастық кездесуде. Бұл құрама үшін гол соғудың өзі жеңіс саналады. 

ЕУРО іріктеуінде бұрын қалай өнер көрсеттік?

Қазақстан құрамасы осымен бесінші рет Еуропа чемпионатының іріктеуіне қатысқалы отыр. УЕФА-ға ауысқан соң алғаш рет 2008 жылғы ЕУРО-ның іріктеуінде бақ сынап көрдік. Ол кезде сегіз команда ішінде 6-орын алдық.


Фото: Эдуард Гавриш

Одан кейін Украина мен Польша өткізген құрлықтық доданың іріктеуінде соңғы орынға тұрақтадық. 

2016 жылғы Еуропа чемпионатының да іріктеуі сәтсіз болды. Тек Литвадан озып, топта бесінші орын алдық. 

Кейінгі ЕУРО іріктеуінде де 5-орын алғанбыз. Сол кезде бүгін біз айтқан Сан-Марино құрамасын ғана озған едік.

ЕУРО-ға жолдама алатын мүмкіндік бар ма?

Германиядағы додаға әр топтан екі құрама жолдама алады. Қазақстан топқа төртінші себеттен түсті. Яғни, бізден мықты, кем дегенде, үш құрама бар. Бесінші себетте болған Солтүстік Ирландияның өзі рейтингте бізден жоғары тұр.

Ойыншылардың трансферлік құнына тоқталсақ. Даниядағы Хейбергтің нарықтағы бағасы - 40 миллион еуро. Ал Қазақстанның бүкіл құрамы 17,15 миллион еуроға бағаланған. Жалпы, командалардың трансферлік бағасын есептесек, Қазақстан тек Сан-Мариноны озып тұр.


Фото: ҚФФ

Енді бұрынғы кездесулер жайында айтсақ. Топтағы бес қарсыласымыздың екеуімен бұрын кездесіп көрмеппіз. Словения мен Солтүстік Ирландия құрамаларымен алғаш рет кездесеміз. Бұрын Даниядан төрт рет, Финляндиядан да төрт мәрте жеңіліп қалғанбыз. Бұл командаларды жеңіп көрмедік. Топтағы қарсыластардан тек Сан-Мариноны екі рет жеңгенбіз. 

Қарсыластардың тәжірибесіне де тоқталған жөн. Дания биыл әлем чемпионатына қатысады, құрлықтық жарыстарға да тұрақты жолдама алып жүр. Финляндия, Словения мен Солтүстік Ирландия бір-бірден ЕУРО-ға қатысып көрген. Сан-Марино мен Қазақстан әлі байрақты додаға жете алмай жүр.


Фото: ҚФФ

Бізге ұнамайтын осындай деректер бар. Бірақ футболды ақша, тарих немесе басқа да бір статистикалар ойнамайды. Биылғы Ұлттар лигасы алдында да ешкім Қазақстан құрамасы топта бірінші орын алады деп ойламаған шығар. 

"Б" жоспары

Ұлттар лигасы демекші. Қазақстан осы іріктеуден өте алмай қалса да, 2024 жылғы Еуропа чемпионатына жолдама алатын мүмкіндігі бар. 

2024 жылы наурызда Ұлттар лигасының плэй-офф кезеңі өтеді. С дивизионында өз тобында жеңіске жеткен төрт құрама жалғыз жолдамаға таласады. 

Оған Қазақстаннан бөлек Грузия, Түркия және Грекия құрамалары да дәмелі. Біздің команда жартылай финалда сырт алаңда Грузиямен күш сынасады. Оны жеңсе, Түркия - Грекия матчының жеңімпазымен жолдаманы сарапқа салады. 

Сондықтан Қазақстан құрамасына Еуропа чемпионатына бару үшін екі түрлі жол бар. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!