Аргентиналық аңыз футболшы Диего Марадонаның жыртылған футболкасы Matchday Football Auctions аукционында 179 мың долларға сатылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Mundo Deportivo мәліметінше, жейде бастапқыда 145 мың долларға сатылған, алайда 23 пайыздық комиссияны ескергенде оның түпкілікті бағасы 179 мың доллар болған, теңгеге шаққанда 92 миллионнан асады.
Бұл аукционда сатылған ең қымбат зат - Марадонаның клубтық жейдесі.
Киім 1984 жылғы Испания кубогінің финалында жыртылған. Ол матчте "Барселона" сапында өнер көрсеткен Марадона командасы "Атлетикке" (Бильбао) 0:1 есебімен жол берді. Кездесу Мадридтегі "Сантьяго Бернабеу" стадионында өтті және матч аяғы жаппай төбелеске ұласты.
Ойыннан кейін жейдені команданың формасын жууға дайындап жүрген әйел тауып алған. Форманың жыртылғанын және енді қолданылмайтынын көрген ол жейдені құрбысына берген. Кейін бұл жәдігер мұрагерлік жолмен оның ұлына өткен. 30 жылдан соң ол жейдені аукцион үйіне тапсырды.
Диего Марадона 2020 жылы 60 жасында өмірден өтті. Ол 1986 жылғы әлем чемпионы, "Барселона" құрамында Испания кубогі, Суперкубогі және Испания лигасының кубогін жеңіп алды. Ал италиялық "Наполи" сапында екі мәрте Италия чемпионы атанып, ел кубогі, Суперкубогі және УЕФА кубогін иеленді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!