Біздің бүгінгі кейіпкеріміз әлемдік сән астанасы Парижде тұратын - ақтөбелік Баян Жанбауова. Елде мұнай-газ саласындағы халықаралық ұйымда заңгер болып жұмыс жасаған Баян Францияға алғашында білім қуалап келген. Кейіннен магистр дипломымен сақтандыру қаржы саласында жұмыс жасай жүріп, сән саласымен хобби ретінде айналысып бастаған.
Бүгінде Баян отандық сәнгерлерді Еуропа жұртшылығына таныстырып жүрген сәнгер-мұнайшымен Massaget.kz тілшісі әңгімелесті.
"2017 жылы Парижде өзімнің ассоциациямды тіркегенмін. Мақсатым - қазақ өнерін, сән саласын, қолөнерін шетелде насихаттау. Одан бері біраз сән көрсетілімдер өткізілді, француз жұртшылығына қазақ дәстүрлі киім мәдениетін таныстыру, қазақ жас дизайнерлерге жол ашу, бағыт көрсету, француз эксперттерімен шеберлік сабақтарын ұйымдастыру, француз сән үйлерімен жақын таныстыру, Париждегі сән апталықтарына қатысуға ортада дәнекер болу бағытында болды", - деді ол.
ФРАНЦИЯДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМДАР
Бүгінде Баян жетекшілік ететін ассоциация қарқынды даму үстінде. Франциядағы қазақстандық дизайнерлер, сән үйлері және дәстүрлі қолөнершілер осы қауымдастықтың белді мүшелері. Баянның бастамасымен өтіп жатқан мәдени шараларға Қазақстанның Франциядағы елшілігі мен елші Гүлсара Арыстанқұлованың қолдауы ерекше екенін атап өтті.
"Өзімнің жұмысым мен ассоциациядан бөлек, елшілік жанындағы "Абай" мәдени орталығын басқарамын. Орталықта домбыра үйрету, қазақ тілі мен қолөнер сабақтары қазақ диаспорасы мен қазақ мәдениетіне қызығушылық танытқан француздарға жүргізіледі. Еуропа қазақтарымен бірге жыл сайын Наурыз мерекесін өткізуге атсалысамын. Біздің мақсатымыз - Қазақстанның жақсы атағын жаһанға таныту. Қазақ ретінде, қай жерде болсам да, елім мен мәдениетімізді таныстыру - мен үшін абырой", - дейді ол.
Сән әлемінде жаңашылдыққа құштар француздар қазақ сәні мен қолөнеріне әр көрсетілім сайын қызығушылықпен қарайтын көрінеді. Кейбір сәнқойлар этникалық киімдерді жоғары бағалап, шапан мен қамзолдарды тез сатып алып кетеді екен. Сондықтан қазақ сәнгерлері жаһандық даму кезеңінде өз өнерін кеңейтіп, шет елдерде көрсетуге батыл қадам жасауы керек. Әсіресе ұлттық нақыш біздің бірегейлігімізді айқындайды.
"Ең бастысы - батылдық және жоғары сапа. Сән әлеміндегі өзгерістер мен талаптарға да жіті көңіл бөліп, жаңа трендетр мен өзгерістерді үнемі назарда ұстап, кәсіби дамып тұру керек. Сол мақсатта ассоциация тарапынан да бірнеше бағыт бере аламыз. Француз әріптестермен пікір алмасу, үйрену, кәсіби көкжиекті кеңейту мақсатында отандық дизайнерлерге арналған бағдарламамыз бар", - деді Баян.
ҚАЗАҚ СӘНІН ӨЗГЕЛЕРДЕН ЕРЕКШЕЛЕЙТІН НЕ?
Кейіпкеріміздің пайымынша, отандық мамандар қазақтың дәстүрлі киімдерін заманға сай бейімдеу арқылы шетелдік сәнгерлерден ерекшеленеді. Жоғары технологиялар қарыштап дамыған заманда бізді өзгелерден даралап тұратын - дәстүрлі қолөнер мен ұлтқа тән қайталанбас нақыштар. Себебі әлемдік сәннің орталығы саналатын Парижді таңғалдыру оңай емес.
"Мақсаттарымыз биік, талпынысымыз көп. Әлемге әлі де танытар қазақ қолөнершілеріміз бар. Алдағы жылдың қаңтар айында өтетін жыл сайынғы Жоғары Сән апталығы Paris Couture Week бар және наурыз айында Paris Fashion Week (prêt-à-porter) өтеді, Қазақ сән үйлерін Парижге ерекше шеберлікпен жасалған әсем коллекцияңызды көрсетуге шақырамыз. Бұл сән әлеміндегі әлемдік танымалдық пен жаңа нарық мүмкіндіктеріне жол ашу", - деді ол.
Ең әйгілі тігін өнерінің майталман кутюрьелері көбіне дәстүрлі ұлттық қолөнерден шабыт алған. Мысалы, Коко Шанель халық өнеріне сүйене отырып, сәнге қарапайымдылық пен талғампаздық элементтерін енгізген. Сол сияқты, қазақтың дәстүрлі нақыштары да қазіргі заманға сай бейімделіп, әлемдік сәнге жаңа леп әкелді.
"Біздің сән үйлерінің ұмыт қалған дәстүрлі кәсіптерді, ұлттық киім үлгілерін жандандырып, заманауи қолданысқа насихаттауы тек қуантады. Ұлттық болмысты сән арқылы, сыртқы пішін арқылы да сақтап қалуға үлкен үлес қосылып отыр. Мәселен, аса танымал ақтаулық сән үйінің сәукелесі сән эксперттерінің бүкіл назарын жаулап алды. Тіптен әйгілі журналдар "Сәукелені сән шеруінен кейін Парижде қалдырыңыз. Түрлі стилизациямен фотосессия жасаймыз, бұл ғажап қолөнерге толы бас киімді басқалар да көру керек" деп ұсыныс білдірді. Бұл этникаға деген құрметтен бөлек, қолөнер шеберлігін бағалай білетін аудитория сұранысын білдіреді", - дейді Баян Жанбауова.
БИЫЛҒЫ СӘН ӘЛЕМІНІҢ ТРЕНДТЕРІ ҚАНДАЙ?
Маусым бойынша ұйымдастырылатын Париж сән апталығы әлемдік трендтерді қалыптастырып отырады. Биыл көктемде өткен апталықта сәнгерлер ағымдағы күз-қыс маусым трендтерін анықтаған.
"Соңғы кездегі сән болған минимализм, айғайсыз люкс, көзге түспейтін лого кейінге қалып, алдағы маусым алуан түс пен түрлі баспалы маталар күніңізді ашық-жарқын күйге бөлейді. Күз-қыс айларында қиялыңызға ерік беріп, жылы тоқыма киімде де ашық түс пен үлкен көлемнен тартынбау керек. Батыл жарқырап жүруге жол ашық дейді сән эксперттері. Келесі жылғы көктем-жаз сән маусымы кеше ғана Парижде өткен сән апталығында айқындалды. Сәнге спорт пен би өнерінің ықпалы жалғасуда. Сонымен қатар әйелге тән нәзік элеганттық стиль қайта келді. Ретро-шик, классикалық силуэттер подиумда көп байқалды", - деді сәнгер.
Баянның сөзінше, Парижде сән апталықтары жылына төрт рет өткізіледі: жылдың басы мен ортасында жоғары сән салтанаты, ал көктем мен күзде күнделікті киім үлгілері таныстырылады. Соңғы өткен сән апталығы жаңашылдық пен дәстүрді, шығармашылық батылдықты үйлестіріп, 2025 жылдың көктем-жаз коллекцияларын паш еткен. Бұл шараға әлемнің түкпір-түкпірінен ірі сәнгерлер, модельдер мен танымал тұлғалар жиналады.
"Шанель классикалық стиліне заманауи реңк қосып, ал Louis Vuitton ретро-футуристік силуэттерге басымдық берді. Диор коллекциясы Париж Олимпиадасының рухын беріп, қозғалыс еркіндігін көрсетті. Биылғы подиум әртүрлі модельдердің жас, дене пішіні және этникалық ауқымын кеңейтті, бұл саладағы инклюзивтілікке бет бұруды көрсетті. Сән көрсетілімдері цирк алаңы, ғимарат шатыры мен Диснейленд сияқты ерекше орындарда өтті, бұл Париждің тарихи және заманауи атмосферасын біріктіре отырып, сән әлеміне айрықша әсер берді", - деп аяқтады ол әңгімесін.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!