Француз даму агенттігі Арал маңындағы мектептер мен Балқаш көліне қаржы бөледі

Сенат депутаттары Француз даму агенттігінің Қазақстанды қолдауға бағытталған жоспарын ратификациялауға арналған заңды мақұлдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Құжатты таныстырған сенатор Бибігүл Жексенбай аталған келісімге Франция Президенті Эмманюэль Макронның Қазақстанға 2023 жылы жасаған мемлекеттік сапары кезінде қол қойылғанын еске салды.

"Француз даму агенттігі денсаулық сақтау саласында 945 мың еуро, Балқаш көлінің жоспарына 1,3 млн еуро, Арал бассейні өңірінің мектептерінде білім беру іс-шараларына 2,4 млн еуро грант ретінде бөлуді жоспарлап отыр. Техникалық жәрдемдесу шеңберінде Француз даму агенттігі Ақтау портын кеңейту және Қазақстанның оңтүстігінде электр желілерін салу сияқты бірнеше жобаларды да қарастырып жатыр", - деді Бибігүл Жексенбай.

Француз даму агенттігі мемлекеттік және жеке компанияларға 15 жылға дейінгі ұзақ мерзімді қарыздар беру арқылы қолдау көрсетеді.

"Келісімнің мақсаты - Француз даму агенттігі тобының Қазақстандағы қызметінің құқықтық, салықтық және қаржылық шарттарын айқындау. Бұл ұйым 115 елде 4000-нан астам жобаны жүзеге асырып келеді. Келісімде Француз даму агенттігінің Қазақстан Республикасындағы құқықтық мәртебесі және рұқсат етілген қызмет түрлері айқындалған. Техникалық жәрдемдесу шеңберінде Француз даму агенттігі Ақтау портын кеңейту және Қазақстанның оңтүстігінде электр желілерін салу сияқты бірнеше жобаларды да қарастырып жатыр. Заңды қабылдау - Француз даму агенттігінің Қазақстан Республикасына қаржылық және техникалық көмек көрсетуіне мүмкіндік береді", - деді депутат Сенат отырысында.

Айта кетейік, бүгін Сенат отырысында Жоғарғы соттың екі судьясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшесінің өкілеттігін тоқтатты. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!