Францияның экс-бірінші ханымы Димаш Құдайбергенге алғыс білдірді

Композитор, ақын және әнші, Францияның экс-бірінші ханымы Карла Бруни әлеуметтік желідегі парақшасында Димашқа алғысын білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

5 қарашада Елисей сарайында Франция президенті Эммануэль Макронның атынан мемлекеттік қабылдау өтті. Салтанатты шараға Франция Үкіметінің мүшелері, танымал саясаткерлер, іскери, ғылыми және дипломатиялық топтардың өкілдері, сондай-ақ екі елдің танымал мәдениет және спорт қайраткерлері шақырылды.

Қазақстан Республикасының халық әртісі Димаш Құдайберген кеш қонағы ретінде "SOS d’un terrien en détresse" композициясын француз тілінде орындаса, қазақ тілінде қазақтың халық әні "Дайдидауды" шырқады.

Композитор, ақын және әнші, Францияның экс-бірінші ханымы Карла Бруни ханым өзінің Instagram желісінде Димашқа алғысын білдіріп, қазақстандық музыканттың орындауынан алған әсерімен бөлісті.

"Кешегі кеште қазақтың тамаша әншісі Димаш Құдайбергенді тыңдау бақытына ие болғаным мені шексіз бақытқа бөледі. Кейбір дауыстар бізді біздің мекендеген жер шарынан алысқа ұшырып, жұмаққа екі қадам жерге дейін жетелейді. Бар болғаныңыз үшін рақмет, Димаш! Сіздің орасан зор талантыңыз үшін, абсолютті грацияңыз үшін, ерекше дауысыңыз үшін, қарапайымдылығыңыз бен мейірімділігіңіз үшін рақмет", - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!