Франциядағы әлеуметтік наразылық толқынының салдарынан Жаңа Аквитания өңіріндегі басты сәулет ескерткіштерінің бірінің өртенді. Лимож қаласында шерушілер XIX ғасырда салынған қалалық ратуша ғимаратын басып алып өртеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
France 3 Nouvelle-Aquitaine телеарнасының мәліметінше, наразылық білдірушілер тобы бірінші қабаттың терезелерін қиратып, ғимаратқа қасбет жағынан басып кірді, содан кейін өрт қойды. От ішкі бөлмелерге лезде тарап, шатырды шарпыды.
Лимож ратушасы – 1875-1883 жылдары сәулетші Шарль Альфред Леклерктің жобасы бойынша неоренессанс стилінде бой көтерген ғимарат. Париж мэриясының үлгісімен салынған ратуша өзінің нақышты қасбетімен, әйгілі фарфор-қола субұрқағымен және лимож эмалі мен фарфорының бірегей коллекциясымен танымал болатын. Нысанға Францияның тарихи ескерткіші мәртебесі берілген.
Ауқымды өрттің салдарынан ғимаратқа аса ауыр зақым келді. Сағат мұнарасы бар күмбез құлап түсті.
Лимождағы оқиға Францияда үкіметтің экономикалық саясаты мен тұрмыс құнының қымбаттауына қарсы жаппай наразылық жүріп жатқан тұста болды. Шерулер полициямен қақтығысқа және ауқымды тәртіпсіздіктерге ұласты. Елдің бірнеше қаласында ғимараттар өртеліп, дүкендер тоналып, қоғамдық мүлік қиратылды.
Лион қаласының орталығында ең көне туристік ақпарат орталығы өртеліп, тоналды.
Префектура маңындағы жағалауда полиция шерушілерге қарсы көзден жас ағызатын газ қолданды. Дүкендердің әйнектері мен аялдамалар қиратылды.
Марсельде наразылық білдірушілердің бір тобы әкімдік ғимаратына басып кірді. Ал Бордода сауда палатасының ғимараты зақымданды.
Осындай тәртіпсіздіктер Парижде және Францияның өзге де ірі қалаларында тіркелді. Полиция мәліметінше, ел бойынша көшеге жүздеген мың адам шыққан. Ал ұсталғандар саны 1200-ден асты.
Франция президенті Эмманюэль Макрон бүкіл ел атынан тәртіп сақшыларына қолдау білдіріп, тәртіпсіздікке кінәлілердің бәрі заң алдында жауап беретінін мәлімдеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!