Франциядағы жаппай тәртіпсіздік: Макрон халыққа үндеу жасады

Франциядағы жаппай тәртіпсіздік: Макрон халыққа үндеу жасады
Фото: depositphotos.com /thenews2.com

Франция президенті Эммануэль Макрон 18 қазанда кешке елдегі жаппай тәртіпсіздікке байланысты халыққа үндеу жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі RFI сайтына сілтеме жасап.

Макрон Францияның бірнеше қаласын шарпыған қымбатшылыққа қарсы наразылықтар кезіндегі жаппай тәртіпсіздік пен полицияға көрсетілген зорлық-зомбылықты айыптады. Ол халықпен диалог орнатуға уәде берді.

"Бірнеше жүздеген полицей мен жандарм жараланды. Француздар Францияға қалайша бұлай істей алады? Лимождағы ратушаны, Лиондағы туристік бюроны өртеп, Марсельдегі ратушаға басып кіру немесе Бордодағы префект резиденциясына шабуыл жасаудың не қажеті бар? Олар қалайша мұндай қадамға барды? Бұған ешқандай негіз де, түсіндірме де, кешірім де жоқ. Бүгін бәріміз де ыза мен ұятты сезініп отырмыз", - деді Макрон.

Франция басшысы бәрін қиратқандар төлеуге тиіс екенін, тонағандар шығынды өтеуі қажет екенін мәлімдеді. Ол тәртіпсіздіктер кезінде құқық бұзғандарды сот алдында жауапқа тартуға уәде етті.

"Республиканы құлатқысы келгендер жауап береді", - деді Макрон.

Мемлекет басшысы саяси партиялар мен кәсіподақ ұйымдарын "кез келген зорлық-зомбылықты айыптап, сабырға шақыруға" үндеді. Президент құқық қорғау органдарына, мэрлерге және өз дүкендерін бүлікшілерден қорғаған кәсіпкерлерге қолдау білдірді. Ол кәсіпкерлерге үкімет тарапынан көмек көрсетілетініне уәде етті.

Ол отын бағасы өсуі Таяу Шығыстағы соғыс салдарымен байланысты екенін айтты. Макрон дүйсенбіден бастап Францияны отынмен және газбен қамтамасыз ету бойынша халықаралық күш-жігерді жалғастыратынын, осы мақсатта Парсы шығанағы елдеріне баратынын айтты.

Мемлекет басшысы мектептер мен университеттердегі жастардың алаңдаушылығын түсінетінін де жеткізді. Ол үкімет бұл мәселелерді шешуге кіріскенін айтты.

Айта кетейік, 17 қазанда Францияда қымбатшылыққа қарсы наразылықтар өтіп, оған түрлі есеп бойынша 500 мыңнан 800 мыңға дейін адам қатысқан. Наразылық жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Парижде бүлікшілер көліктер мен ондаған дүкенді қиратты. Олар Марсельде мэрия ғимаратына басып кірсе, Лионда қалалық туристік кеңсенің ғимаратын өртеп жіберді. Полиция бүкіл ел бойынша 2000-нан аса адамды ұстады.

Бұл оқу жылы басында мектеп оқушыларының наразылығынан басталған акциялардың жалғасы болды. Оқушылар үкіметтен білім беру жүйесін қаржыландыруды ұлғайтуды және жоғары оқу орындарына түсу емтихандарын реформалауды талап еткен еді.

Көп ұзамай мектеп оқушыларына студенттер, кәсіподақтар, фермерлер және "сары жилеттер" қозғалысының өкілдері де қосылды. Олардың барлығы Франциядағы бюджет дағдарысы аясында байқалып отырған қымбатшылыққа қарсы шықты.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget