- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Франция соты Мұхтар...
Франция соты Мұхтар Әблязовке айыппұл салды
7 наурызда Францияның Экс-ан-Прованс қаласының апелляциялық соты қазақстандық олигарх Мұхтар Әблязовке сотқа келмегені үшін айыппұл салу туралы шешім шығарды. Сот Әблязовтың саяси қуғынға ұшырау туралы уәждерін келмегені үшін сылтау ретінде қабылдаудан бас тартты. Бұл туралы ақпарат БТА банкінің сайтында пайда болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мұхтар Әблязов жауап алу үшін 2021 жылғы 15 және 16 маусымында Экс-ан-Прованс сотына келуі керек еді. Кездесу алдындағы соңғы сәтте Әблязов адвокаты арқылы саяси қуғын-сүргіннен қорқып, француз сотының нұсқауын орындауға ниеті жоқ екенін мәлімдеді.
"Кейін БТА банкі Аблязовқа сотқа келмеуіне байланысты айыппұл тағайындау туралы өтініш берді. Апелляциялық сатыда сот Мұхтар Әблязовтың 2018 жылы осындай шақыру бойынша келгенін анықтады. Сондай-ақ, Әблязов алдымен Англияда, содан кейін Францияда босқын мәртебесінен айырылды, сондықтан ол сотқа келмеу үшін бұл мәртебеге сілтеме жасай алмады. Бұрын тергеу судьясы Әблязовқа сот бақылауы шарасын тағайындаған еді, оған сот талабы бойынша келу кіреді. Мұхтар Әблязов Экс-ан-Прованс қаласы сотының шақыруы бойынша келмей, бұл шараны бұзды", - делінген хабарламада.
7 наурызда Экс-ан-Прованс қаласының апелляциялық соты Мұхтар Әблязов соттың келу туралы өтінішін орындамады, соған байланысты оған айыппұл салынады деп шешті.
"БТА банкі Франция сотының әділ шешімін құптайды. Мұхтар Әблязов пен оның сыбайластары сот процестеріне адал қатысудан бірнеше рет бас тартып, көп сот шешімін бұзған, соның ішінде АҚШ-та олар жауапқа тартылып, оларға айыппұл салынған", - делінген хабарламада.
Еске салайық, Қазақстанда Әблязов БТА банктен 7 миллиард долларға жуық ақша жымқырғаны үшін сырттай 20 жылға бас бостандығынан айырылды, ал 2018 жылы банкир Ержан Тәтішевті өлтіруді ұйымдастырғаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек