“Фостер мырза, шаңыраққа қараңыз“. Депутат Жаңбыршин Air Astana басшысына шүйлікті

“Фостер мырза, шаңыраққа қараңыз“. Депутат Жаңбыршин Air Astana басшысына шүйлікті
Фото: Tengrinews.kz, Air Astana-ның баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Үкімет сағатында Air Astana АҚ бас атқарушы директоры Питер Фостерге "шаңыраққа қараңыз" деп ескерту жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Министр мырза, Сауранбаевты жетектеп алып келіңіз"

Депутат Жаңбыршин алдымен ҚТЖ мәселесін көтерді. Ол ҚТЖ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев Үкімет сағатында төбе көрсетпегеніне наразылық білдірді.

"Бүгін Сауранбаев (Нұрлан Сауранбаев - ҚТЖ басқарма төрағасы) тағы жоқ. Өткенде Жоғары аудиторлық палатаның есебі кезінде болған жоқ. Бүгін енді көлік әлеуетін қарап отырмыз, Сауранбаев тағы жоқ. Сауранбаевқа қоятын көп сұрағым бар еді. Тағы қоя алмадық. Парламентке тағы келмеді. Министр мырза, сіз келесі жолы ол жігітті жетектеп алып келіңіз", - деді депутат.

"Air Astana біздің аспанның Құдайы болып алған"

Еділ Жаңбыршин депутаттардың алдына алғаш рет келген Питер Фостерге бірқатар ескерту жасап, халықтың жағдайын ойлауға шақырды.

"Біздің депутаттардың бәрі мәселені көтеріп жатыр. Шынында да, Air Astana біздің аспанның Құдайы болып алған. Билеттің бәрі жақындаған кезде көтеріледі, арақашыққа байланысты деген бос әңгіме ғой. Билет жақындаған кезде көтерілмеу керек. Керісінше, билет бағасы түсуі керек. Себебі ол билетті тезірек өткізу керек қой. Бұлар керісінше жұмыс істейді. Мына Air Astana-ны, лоукостердің мәселесін дұрыстап, майшаммен қарау керек. Фостер мырза, сіз деген шаңыраққа қараңыз. Сіз осы мемлекеттің заңына бағынуыңыз керек", - деді ол.

Жаңбыршин депутат Самат Мұсабаевпен бірге ұшақ 1 сағат кешіксе, үш пайыз айыппұл салатын норма енгізгенін, алайда айыппұл өндіріп алу қиын екенін мәлімдеді.

"Енді қызықты қараңыздар. 2 тамызда Air Astana 12 сағатқа кешікті, әлі күнге дейін айыппұлын ала алмай жүрмін. Неге? Олар қитұрқы схема жасап қойған. Сайтына кіріп, өтінім беріп, оның жауабын алып, оған бару керек. Мен соның соңында әдейі жүрмін. Бәрібір аламын, алдында біреуін алдым. Алатын болсаңыз сол жазбаны, алатын ақшаны ешкімге жарияламауыңыз керек деген шарт қояды. Министр мырза, тек Air Astana емес, заңмен қарастырылған, қайтарылатын өтемақыны жеңілдетіңіздер. Адам өтінішті оңай беріп, ақша оның шотына тезірек түсуі керек. Бұлар өте қиын қылып қойған. Олардың сайтына көрінген адам кіріп, ішінен тауып алып, өтінішті жазып, ақшасын кері қайтарып алуы - өте қиын мәселе. Тек компьютерді білетін, ерінбей соның соңында жүретін адам ғана ақшаны қайтара алады. Бәрін әдейі істеп қойған", - деді ол.

Сондай-ақ депутат Air Astana-ның бүкіл мультимедиасы өзге тілдерде екенін айтты.

"Мемлекеттік тілдегі контент өте аз. Оны бірнеше рет айтып жүрміз. Бұл да үлкен мәселе. Неге ол жерде мемлекеттік тілге басымдық берілмейді? Ең болмаса 50-де 50 қылыңдар. Ал онда мультимедиадағы мемлекеттік тілдің үлесі 10 пайыз ғана болуы керек. Фостер мырза, сіз Парламентке бірінші рет келіп отырсыз. Қазақстан аумағына кіргеннен кейін бірінші кезекте Қазақстан азаматтарының мүддесін қорғауыңыз керек, Қазақстанның заңын сыйлауыңыз керек. Осы жерде жағдайды жасауыңыз керек. Ақшаны бәріміз де жақсы көретін шығармыз, бірақ сіз пайда көреміз деп билетті көтере бермеңіз. Билеттің реті болуы керек. Сіз күнде жалақы көтеріп жатқан жоқсыз, жанар-жағармай бағасы күнде өсіп жатқан жоқ. Біздің территориямыз күнде резеңке болып созылып, өсіп жатқан жоқ. Ал сіздер бағаны көтересіздер. Билеттің бағасы 60 мың теңгеден 120 мың теңгеге дейін кетіп қалады. Олай болмауы керек. Министрлік бұл әуе компанияларын дұрыстап қолға алуға тиіс", - деді ол.

Air Astana АҚ бас атқарушы директоры Питер Фостер/видеодан кадр

Депутат Еділ Жаңбыршинге Air Astana АҚ бас атқарушы директоры Питер Фостердің реакциясы ұнамады.

"Күлетін ештеңе емес. Сіз күлмеңіз. Сіз осы жерде отырып алып, бізді менсінбей отырсыз. Біз сізге ештеңені түсінбейтін Африкадағы абориген емеспіз. Ойнамаңыз! Бұл - Парламент, осы жерде отырғандары бәрі - халық сайлаған, халықтың өкілдері", - деп ашынды ол.

Айта кетейік, бүгін Мәжілісте елдің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту туралы Үкімет сағаты өтті. Көлік-логистикалық әлеуетті дамыту мәселесі бойынша көлік министрі Марат Қарабаев баяндама жасады.

Питер Фостер – Ұлыбритания азаматы, 1960 жылы туған. Ол авиация саласындағы тәжірибелі маман ретінде танымал. Фостер еңбек жолын 1982 жылы Cathay Pacific Airways Ltd компаниясында бастады, Гонконг, Азия, Авустралия және Еуропада түрлі қызметтер атқарды. 1999 жылы Philippine Airlines Inc. компаниясына кеңесші ретінде шақырылды. 2002-2005 жылдары Royal Brunei Airlines әуе компаниясының бас атқарушы директоры болды.

2005 жылдан бері Air Astana әуе компаниясының президенті және бас атқарушы директоры қызметін атқарады. Оның басшылығымен компания бірнеше стратегиялық өзгеріс енгізді, соның ішінде 2018 жылы FlyArystan бюджеттік әуе компаниясының құрылуы бар.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова