Абай облысы, Ақсуат ауданындағы кеште фонограммамен ән айтқан Тоқтар Серіков пен Бейбіт Сейдуалиева көпшіліктің сынына ұшырады, - деп хабарлайды Мassaget.kz.
Желіде 29, 30, 31 шілдеде Ақсуат ауылында өткен өнер және спорт фестивалінде Тоқтар Серіков пен Бейбіт Сейдуәлиева өнер көрсеткен видеоны Экспресс К басылымы жүктеді. Видеода жұлдызды жұптың фонограммамен ән айтқаны көрініп қалған.
Желі қолданушыларының бір бөлігі жұлдызды жұпты қолдаса, екіншілері реніштерін білдірген.
"Өнерлі жұптар ғой. Неге бұлай жасады екен?", "Екеуін сүйіп тыңдайтын едім, ұят болыпты", "Халықтың сүйікті әншілері жанды дауыста ән айта алмаса, жастардан не күтеміз?", "Біздің әншілердің ешқайсысы жанды дауыспен айтпайды-ау", "Қазір таңғалмайтын болдық қой", "Сонда бұлар бұрыннан халықты алдап келген бе?", "Ұят болды", "Далада жанды дауыста айтудың қажеті жоқ, таза шықпайды", "Халықты алдау, фонограммаға тыйым саламыз дегендері қайда?", - деп жазды желі қолданушылары.