- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- FlyArystan жолаушыға мүгедектер...
FlyArystan жолаушыға мүгедектер арбасын багажға салуға рұқсат бермеген
FlyArystan қызметкерлері мүмкіндігі шектеулі жолаушыға мүгедектер арбасын багажға өткізуге рұқсат бермеген. Бұл туралы Facebook желісінде жолаушының өзі Нияз Сүндетәлиев жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"29 тамызда Алматы әуежайында FlyArystan әуекомпаниясының қызметкерлері менің мүгедектер арбамды бортқа өткізгісі келмеді. Біз 23.05-те ұшуымыз керек еді, бірақ рейс шегерілді, біз 02.35-те ғана ұштық, оның себебін түсіндірмеді. Жүкті өткізу кезінде әуекомпаниясының қызметкері арбаны ұшаққа өткізбейтінін айтты, өйткені мен клемма мен басқару пульттерін өзім ажыратуым керек екен. Бірақ аяғымның саусақтары қозғалмаса, мұны қалай жасаймын?", - деп жазды жолаушы.
Нияз Сүндетәлиевтің айтуынша, ол 26 тамызда Қарағандыдан Алматыға дәл сол арбамен сол әуекомпаниясымен еш қиындықсыз ұшып келген.
"Жарты сағат бойы олар менің арбамды не істеу керегін анықтай алмады. Осы уақыт бойы өзіме мүлдем жарамсыз, бас тірегі жоқ, арқасы қатты және жұмсақ орындығы жоқ мүгедектер арбасында отыруыма тура келді. Мен салмын, арқамды тіке ұстай алмаймын. Бірінші топтағы мүгедекпін, кез келген мүгедектер арбасы маған жарамсыз, ол қауіпсіз пайдалануға арналған барлық құрылғысы бар арнайы мүгедектер арбасы болуы керек. Осы уақыт бойы мүгедектер арбасында бүгіліп отырдым, денсаулығым мен өміріме қауіп төнді", - деді жолаушы.
Ол бес күн бұрын әуекомпаниясына екі рейс жасайтынын, мүгедектер арбасын пайдаланатынын және ұшу кезінде көмекке мұқтаж болатынын хабарлағанын баса айтты.
"Әуекомпаниясы мұның бәрін ескерді, бірақ... соңында мен Қарағандыға ұшып кеттім, арбам Алматыда тіркеу үстелінде қалды. Қазір үйдемін, адамдармен кездесуге, өзім шығып таза ауа жұтуыма мүмкіндігім жоқ. Кездесуімнің бәрін шегеруге тура келді. Ал FlyArystan компаниясының еш қызметкерін мен сал бола тұра, Қарағанды әуежайынан үйге қалай жететінім алаңдатқан жоқ", - деп жазды Нияз Сүндетәлиев.
Нияз Сүндетәлиевтің Facebook-тегі парақшасынан.
Азаматтық авиация комитеті тексеру жүргізетінін айтты.
"Әуекомпаниясы тарапынан заңбұзушылықтар анықталған жағдайда, комитет қолданыстағы заңнамада көзделген шараларды қабылдайды. Жұмыс қорытындысы бойынша жауап беріледі", - деп түсіндірді ведомство өкілдері.
FlyArystan баспасөз қызметі Tengrinews.kz тілшісіне ресми сауалға жауап беруге уәде етті.
"Алайда, тасымалдау ережелеріне сәйкес, әуекомпания қызметкерлері клемма мен басқару пульттерін ажырата алмайды - жолаушылар мұны өзі жасайды. Мұны қызметкерлер айтып, бәрін ережеге сәйкес жасауды сұрады, өкінішке қарай, жолаушы басқару пультін ажыратудан бас тартты. Сондықтан оның мүгедектер арбасын багаж бөліміне тиеуге рұқсат етілмеді", - деп жазды Ләззат Нәбиева жолаушылардан ұшу ережелерін сақтауды сұрап.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Е. Төлеш