- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Әуе қызметтері
Fly Arystan-дағы баға мен ұшақтың кешігуіне байланысты компания директоры кешірім сұрады
Air Astana әуе компаниясының директоры Питер Фостер Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Fly Arystan-ның билет бағасы мен жиі кешігуіне қатысты халықтың наразылығына жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Лоукостерлердің билет бағасы ерте брондағанда төмен болады, ал ұшу күні жақындаған сайын, әсіресе демалыс маусымында қымбаттай түседі. Бұл Fly Arystan билеттерінің қалай қалыптасатыны туралы сұраққа жауабым. Қазіргі таңда Fly Arystan 4,1 миллион жолаушыға қызмет көрсетіп отыр. Компания өңірдегі ең танымал әуе тасымалдаушылардың бірі. Баға қалыптасуы туралы айтар болсам, ұсынылатын қызметтер де билет құнына кіреді. Fly Arystan билеттері еуропалық лоукостерлер, мысалы, Ryanair-ден де арзан", - деді Фостер.
Рейстердің кешігуі туралы
Сондай-ақ ол рейстердің жиі кешігуіне байланысты көпшіліктен кешірім сұрады.
"Біз рейстердің кешігу фактілеріне қатысты жолаушылардан кешірім сұраймыз. Тамыз айында кешігулер жиі орын алды. Бұл мәселелерді шешу және қызмет сапасын арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр", - деді ол.
Қаражат жымқыру және тергеу
Компания басшылығы Fly Arystan-да қаражат жымқыру фактілері мен бағаны белгілеуге қатысты манипуляцияларға байланысты мәселелер анықталғанын да жасырмады.
Bitfo компаниясы бұл бойынша тергеу жұмыстарын жүргізді, ал анықталған фактілер құзырлы органдарға жіберілді. Біз мұндай әрекеттерді қолдамаймыз және оларды егжей-тегжейлі қарастырудамыз", - деп атап өтті Питер Фостер.
Питер Фостер жайлы
Питер Фостер - Ұлыбритания азаматы, 1960 жылы туған. Ол авиация саласындағы тәжірибелі маман ретінде танымал. Фостер еңбек жолын 1982 жылы Cathay Pacific Airways Ltd компаниясында бастады, онда Гонконг, Азия, Австралия және Еуропада түрлі басқарушы қызметтер атқарды. 1999 жылы Philippine Airlines Inc. компаниясына кеңесші ретінде шақырылды. 2002-2005 жылдары Royal Brunei Airlines әуе компаниясының бас атқарушы директоры болды.
2005 жылдан бері "Эйр Астана" әуе компаниясының президенті және бас атқарушы директоры қызметін атқарады. Оның басшылығымен компания бірнеше стратегиялық өзгерістер енгізді, соның ішінде 2018 жылы FlyArystan бюджеттік әуе компаниясының құрылуы бар.
Фостер Кембридж университетін тәмамдаған және INSEAD бизнес мектебінің сертификатына ие. Сонымен қатар 2015 жылы Ұлыбритания үкіметінен Британ Империясы Орденінің офицері (OBE) атағын алды. 2023 жылы FlyArystan "Эйр Астанадан" бөлініп, тәуелсіз әуе компания ретінде қызметін бастады.
Айта кетейік, бүгін Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Үкімет отырысына алғаш рет келіп отырған Фостерге шүйлігіп, шаңыраққа қарау керек екенін ескертті.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Бақдаулет