- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Фломастермен бояп тастаған:...
Фломастермен бояп тастаған: Щучинскте 2,3 млрд теңгенің спорт кешені "сақалды құрылысқа" айналды
Қазығы қағылғанына екі жылдан астам уақыт болған Щучинсктегі спорт кешені пайдалануға беру мерзіміне жылдан астам уақыт болса да сол күйі аяқталмай қалған. Осы жылдың соңына дейін аяқтау қайта жоспарланған нысанның төлқұжатының тапсыру уақытын белгісіз адамдар фломастермен бояп кетіпті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Щучинск қаласының тұрғыны Владимир Прокопьев әлеуметтік желі арқылы жария етті. Оның айтуынша спорт кешенінің құрылысы басталғалы бері ғана Щучинск қаласының екі әкімі, Бурабай ауданының бір әкімі және облыстың бір әкімі қызметінен ауысып үлгерген.
Нысанға бюджет қоржынынан 2,3 млрд теңге бөлінген. Құрылыстың қазығы 2021 жылдың 20 шілдесінде қағылған. Спорт кешені бір жыл ішінде, яғни 2022 жылдың 20 шілдесінде пайдалануға берілуі тиіс болатын. Алайда, құрылыс нысанының арты сиырқұйымшақтанып кетіп кейінгі жоспар бойынша осы жылдың 20 қазанында аяқтау жоспарланған. Алайда, қала тұрғыны кешеннің жуық арада аяқталмайтынын жіпке тізді.
"Щучинск спорт кешенінің қазіргі жағдайы өкінішке орай осындай болып тұр. Әуелден-ақ паркте спорт кешенінің салынуына үзілді-кесілді қарсы болдым. Меніңше, қалада толыққанды парк болуы керек. Спорт кешені басқа жерге салынуы тиіс еді. Құрылыс басталғаннан кейін желіде спорт кешенінің құрылысына қатысты жұрт қызу талқыға салған. Соның бірі есімде қалыпты. "Әдеттегідей кезекті сақалды құрылысқа айналады ғой. Парктен де, айырылып, спорт кешеніне де жете алмаймыз-ау" деген еді. Ақыры айтқаны айнымай келді. Нысанның төлқұжатындағы тапсырылуы тиіс уақытын фломастермен бояп кетіпті", - дейді Владимир Прокопьев.
Спорт кешенінің "сақалды құрылысқа" айналғанын Ақмола облысының құрылыс басқармасының басшылығы да мойындады. Басқарма басшысы құрылыстың созылып кетуіне қаржының уақытында берілмеуі себеп болған. Ведомство басшысы нысанның салыну уақыты одан әрі де созылуы мүмкін екенін жеткізді.
"Спорт кешенінің құрылысына бөлінуі тиіс 2,3 млрд қаражат уақытында бөлінбеді. Қаржы облыстық мәслихат сессиясы арқылы беріледі. Алғашқы 2021 жылы бюджеттен небары 50 миллион теңге бөлінді. Мердігер өз қалтасынан 300 миллион теңге қаражатын шығарып, нысан жоспарланған кесте уақытынан жылдам қарқынмен басталды. Алайда, құрылыс аяқталуы тиіс болатын 2022 жылы тек 500 миллион теңге қаржы бөлінді. Аталған қаржыға тиісті жұмыс жүргізілді. Жоспарға өзгеріс енгізіліп биылғы жылдың қазанына дейін ұзартылған. Алайда, биыл тағы тек 650 миллион теңге ғана бөлінді. Оның үстіне құрылыс материалдарының бағасының қымбаттап кетуі де нысанның аяқталмауына себепші болып тұр. Қаржы бөлінсе аяқталады. Мен тек бөлінген қаржыны ғана бере аламын", - дейді тапсырыс беруші Ақмола облысы құрылыс басқармасының басшысы Марат Әубәкіров.
Ал нысанға бас мердігер болып табылатын "Авторемстрой-ЛТД" компаниясының учаске басшысы Эльдар Жанжолов нысанды пайдалануға беру уақыты енді келер жылдың қазанына қарай қайта ұзартылғанын жеткізді.
"Біз бөлінген қаржыға қарай нысанды салып жатырмыз. Қаражат уақытында тиісті түрде бөлінген жоқ. Сондықтан құрылысқа қажетті материалдардың бағасы қымбаттағандықтан түзетулер енгізуге де тура келді. Ендігі жоспар 2024 жылдың қазанына дейін деп өзгертілді", - дейді құрылыс учаскесінің басшысы Эльдар Жанжолов.
Сонымен әзірге бурабайлықтар асыға күткен спорт кешенінің нақты қашан аяқталатыны әзірге белгісіз болып тұр.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы