Қазақстан құрамасы физикадан ең беделді халықаралық білім додасында ел тарихындағы ең үздік нәтижеге қол жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқу-ағарту министрлігі мәліметінше, 4-12 шілде аралығында Колумбияның Букараманга қаласында өткен 56-шы Халықаралық физика олимпиадасында (International Physics Olympiad, IPhO) ұлттық құраманың бес мүшесі де алтын медаль жеңіп алған.
Биылғы олимпиадаға әлемнің 85 елінен 381 оқушы қатысқан. Қатысушылар күрделі теориялық және эксперименттік тапсырмаларды орындап, білімі мен ғылыми даярлығын сынға салған.
"Қазақстандық жас физиктер жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, бес алтын медаль иеленді. Бұл - Қазақстанның IPhO олимпиадасына қатысу тарихындағы ең үздік нәтиже. Алтын медаль иегерлері: Егенбергенова Нұргүл - Астана қаласындағы NURORDA мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы; Азатбеков Әмірбек - Астана қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы NIS-тің 12-сынып оқушысы; Қазымбек Ілияс - Астана қаласындағы Spectrum International School мектебінің 12-сынып оқушысы; Черемнов Роман - Алматы қаласындағы "Мирас" халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы; Құрман Дамир - Астана қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы. Бұл тарихи жетістікке ұлттық құрама үш жыл бойы жүйелі дайындалды. Команданы мектеп мұғалімдері, тәлімгерлері және ұлттық құраманың жаттықтырушылары дайындады", - деп жазылған хабарламада.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Айта кетейік, Халықаралық физика олимпиадасы 1967 жылдан бері өткізіліп келеді. Қазақстан бұл білім додасына 1997 жылдан бері тұрақты қатысады.
2025 жылы ұлттық құрама екі күміс және үш қола медаль жеңіп алса, биыл еліміздің бес оқушысы да алтын медаль иеленіп, Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова