Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) әлем чемпионаттарының коммерциялық құқықтарының бір бөлігін жеке инвесторларға беру жоспарынан бас тартты. Мұндай шешім Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының (УЕФА) қатаң сыны мен бойкот жариялау туралы ескертуінен кейін қабылданды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған Еуропа, Азия және Солтүстік Америка футбол конфедерацияларының қарсылығы себеп болды.
ФИФА президенті Джанни Инфантино әлем чемпионаттарын ұйымдастыру ісіне жеке инвесторларды тарту туралы ұсынысын кері қайтарды.
"Барлық тараптың пікірін мұқият тыңдай келе, бұл жобаның үлкен алауыздық туғызғанын түсіндік. Қанша қолдау тапқанына қарамастан, ол бастапқы мақсатқа сай келмей қалды. Біздің басты міндетіміз әрдайым футболды біріктіру және дамыту болып қала береді", - деді Инфантино.
Шұғыл: ФИФА президенті Джанни Инфантино әлемдік футболды басқару органының ішіндегі қарсылықтар мен еуропалық елдердің бойкот жариялау қаупінен кейін Әлем чемпионатындағы үлестерді сату туралы ұсынысынан бас тартты.
- ESPN FC (@ESPNFC) July 31, 2026
Толығырақ: https://t.co/KcABnBesSo pic.twitter.com/TdTMOm8oGF
УЕФА мен ФИФА арасындағы дау неден шықты?
БАҚ мәліметінше, ФИФА әлем чемпионаты мен клубтар арасындағы әлем чемпионатын басқаратын FIFA Forward Enterprise атты еншілес компания құруды жоспарлаған.
Жарыстың спорттық бөлігін ФИФА өзі басқаруы керек еді. Ал жаңа компанияның 20 пайызына дейінгі үлесін жеке инвесторларға беру ұсынылған.
Бұл келісім ұйымға 4 миллиард доллардан астам табыс әкелуі мүмкін деген болжам айтылды. Сонымен қатар, ФИФА президенті Джанни Инфантиноға жеке сыйақы қарастырылуы ықтимал еді. Тіпті оның ФИФА басшысы ретіндегі өкілеттігі аяқталғаннан кейін жаңа компанияны басқаруы мүмкін екені де сөз болған.
УЕФА мен өзге құрлықтық футбол ұйымдары бұл бастама футболды шектен тыс табыс көзіне айналдырады деп есептеді.
Инфантиноның жобасына Еуропа, Солтүстік және Орталық Америка, сондай-ақ, Азия футбол конфедерациялары қарсы шықты. Сондықтан бұл ұсыныстың ФИФА ішінде көпшілік дауыс жинауы екіталай еді.
Еске салайық, УЕФА құрамына 55 ел, соның ішінде Қазақстан да кіреді. КОНКАКАФ 41 мемлекетті, ал Азия футбол конфедерациясы 47 елді біріктіреді.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz