Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Қазақстанның бірқатар қаласында жылу беруге қатысты туындаған проблеманы тез шешіп, ақпаратты түсінікті тілде беруді сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Жалпы елімізде күн күрт суытып кетті. Осыған байланысты коммуналдық жүйелерге түсетін жүктеме де арта түседі. Мұндай кезде жылу және энергия объектілерінде штаттан тыс жағдайлар болатыны мәлім. Технологиялық ақауларға байланысты инциденттер болып жатыр. Бірақ, жылу беру толықтай тоқтап қалған жоқ. Бұзылған учаскелерді нормативтік мерзімде қалпына келтіру бойынша шұғыл шаралар қабылданды", - деді премьер-министр Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, әкімдіктер тіршілікті қамтамасыз ететін барлық жүйенің жұмысын ерекше бақылауда ұстауы қажет.
"Авариялар болған жағдайда барынша шұғыл әрекет етіп, тиісті шаралар қабылдау керек. Халыққа нақты жағдай туралы, жөндеу жұмыстары мен жоспарлы жұмыстар туралы дер кезінде объективті әрі түсінікті ақпарат беру - маңызды мәселе. Әйтпесе, өтірік ақпарат пен фейк тарап кетеді", - деді Әлихан Смайылов.
Ол төмендегі мәселеге назар аударуды сұрады:
Біріншіден, Энергетика, Өнеркәсіп министрліктері, өңір әкімдіктері мен энергия объектілерінің иелері барлық жылу жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге тиіс.
Екіншіден, "Қазақстан темір жолы" және "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниялары бірінші кезекте жылу станциялары мен қазандықтарға отынның уақтылы жеткізілуін қамтамасыз етуі қажет.
Үшіншіден, өңір әкімдіктері жылу объектілерінің иелерімен бірге тұрақты жұмыс істейтін жөндеу бригадаларының болуын, шұғыл жөндеу жұмыстары қажет болған жағдайда қосалқы бөлшектердің әзір тұруын қамтамасыз етуі керек.
"Қысқы жылыту маусымының тұрақты өтуі әрбір өңір әкімінің жеке бақылауында болуы тиіс. Үйлестіру Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Васильевичте", - деді Үкімет басшысы.
Бұған дейін Энергетика министрі бірнеше қалада неге жылу болмағанын түсіндірген еді.
Аяз Есен
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!