Ферроқорытпа зауытындағы 4 адамның өлімі: жұмыс беруші кінәлі болып шықты

Ферроқорытпа зауытындағы 4 адамның өлімі: жұмыс беруші кінәлі болып шықты
Фото: Midjourney

Арнайы комиссия Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытында болған апат бойынша егізгі кінә жұмыс берушіде екенін анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

20 шілдеде Қарағанды қаласында орналасқан "YDD Corporation" ЖШС ферроқорытпа зауытындағы 4 адам өліміне қатысты жазатайым оқиғаны тергеу үшін құрылған арнайы комиссия оқиғаның мән-жайын зерделеп, негізгі кінә жұмыс берушіде екенін анықтады.

Комиссия мүшелері техникалық құжаттаманы, оқиға болған жерді тексеру нәтижелерін, куәгерлердің сауалнамаларын, сараптама ұйымының қорытындысын, нормативтік-құжаттар мен басқа да материалдарды зерделегеннен кейін осындай қорытындыға келді.

Кәсіпорында травматикалық факторлардың әсерін болдырмау үшін шұғыл шаралар тиісті дәрежеде қабылданбағаны, қауіпсіз еңбек жағдайлары мен қызметкерлердің ережелерді, нұсқаулықтарды және технологиялық тәртіпті сақтауын бақылау элементтері тиісті дәрежеде жасалмағаны анықталды.

Комиссия мүшелері зардап шеккендермен және зардап шеккендердің отбасы мүшелерімен кездесті, оларға қолданыстағы заңнамаға сәйкес олардың әлеуметтік қорғауға заңды құқықтары түсіндірілді. Арнайы комиссияның тергеу нәтижелері және жиналған барлық материалдар болған жазатайым оқиғаға кінәлі деп танылған адамдарды жауапқа тарту үшін құқық қорғау органдарына берілетін болады.

Сондай-ақ комиссия "YDD Corporation" ЖШС басшылығына жазатайым оқиғаның себептерін жою және алдағы уақытта осындай жағдайлардың алдын алу жөнінде шаралар кешенін қабылдауға қаулы етті. Жұмыс берушінің ақпаратына сәйкес, жұмыс берушінің міндеттемелеріне қатысты материалдық сипаттағы барлық мәселелер, сондай-ақ қаза тапқандар мен зардап шеккендердің жақын туыстарына өзге де көмек көрсету реттелген.

Сонымен қатар жұмыс беруші зардап шеккендердің жақын туыстарына өтеусіз материалдық көмек көрсетті.

Еске салайық, 20 шілдеде Қарағанды қаласында "YDD Corporation" ферроқорытпа зауытында өндірісте жазатайым оқиға болып, салдарынан сегіз жұмысшы зардап шекті, олардың төртеуі қаза тапты.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина