2000-жылдардың орта тұсында өзбектің "Фатима мен Зухра" фильмі ТМД елдерінде кеңінен тарады. Қазақстанда да бұл фильмді көрмегендер жоқтың қасы. Massaget.kz тілшісі өзбектің танымал фильміндегі актерлер қазір қайда жүргенін анықтады.
"Фатима мен Зухра" фильмін 2005 жылы режиссер Бахром Якубов түсірген.
Фильмде Фатима мен Зухра есімді егіз қыздардың қайғылы өмірі баяндалады. Олар әкесі және ағасымен бақытты өмір сүріп жатқан. Фатима - егіздің үлкені, университет мақтанышы, пысық қыз. Ал Зухра - ерке қыз, үй жинауға қарағанда ұйықтағанды жақсы көреді. Бірде Фатима қаніпезерлердің қақпанына түсіп, оны зорлап кетеді. Отбасының барлық қасіреті сол кезде басталады.
Фильмдегі басты рольде Шахзода ойнады - ол Зухраны сомдады. Шын есімі - Зилола Мусаева. Оның үлкен экрандағы алғашқы ролі "Сарвинозда" болған, бұл фильм де кезінде халыққа кең тараған.
Шахзоданы ТМД елдері актрисадан бөлек, әнші ретінде көп таниды. Ресейлік шоу-бизнес өкілдерімен және әлемдік әншілермен бірге жұмыс істейді. Akcent-пен бірге орындаған All Alone әні хит болған. Ал қазақстандықтар оның Hayot ayt ("Өмір, айт") әнін әлі күнге дейін ұмытпаған шығар.
Қазір Шахзода 43 жаста. Әншілік карьерасын жалғастырып жатыр. Екі баласы бар. Бұрынғы күйеуі Равшан Юлдашев Өзбекстан шоу-бизнесін құрған адам саналады, ол 2020 жылы қайтыс болған.
Ал Фатиманың ролінде Гүлчехра Эшонкулова ойнады. Ол - Тәжікстан тумасы. Ташкентке оқуға түсіп, кейін сонда актриса болды. Фатиманың ролінен кейін "Шабнам" және "Панох" деген фильмдері де халық ықыласына бөленген. Карьерасында он шақты фильм мен спектакльдерде ойнаған.
Қазір Гүлчехра 41 жаста. 2015 жылы актриса карьерасын аяқтаған. Себебі сол жылы тұрмыс құрған. Қазір екі баласы бар. Отбасымен АҚШ-та тұрып жатыр. Қазір уақытын отбасына арнап жүргенін айтқан.
Фильмде байдың баласы Шахрухты актер Улугбек Қaдыров сомдады. Қaдыров ол кезде 22 жаста болған. Актерлік жолға енді қадам жасап жатқан кезі.
2005 жылы "Өзбекстанның үздік жас актері" атанған. Сол кезде өзбекстандық көп фильмге түскен. Ал ел арасында оны кеңінен танытқан "Шабнам" фильмі саналады. Қадыров 30-дан аса фильмге түсіп тастаған.
Ал 2020 жылы ол АҚШ-қа көшіп кетті. Себебі бизнесін шетелде дамытқысы келетінін айтқан. Кейін Өзбекстанға оралып, қазір жаңа фильмдерге түсіп жатыр. Улугбек Қaдыров үйленген, үш баласы бар.
Фатима мен Зухраның ағасы Санжардың ролінде Улугбек Юнусов ойнады. Юнусов бұл фильмнен кейін де бірқатар туындыға түсті. Бірақ бәрінде дерлік екінші пландағы актер болды. Қазір ол туралы дерек аз, белгілісі - режиссер қызметімен де айналысып жүр. Биыл ол түскен "Әйел жүрегі" фильмі экранға жол тартты.
Санжар мен қыздардың әкесі Абдулла ака болып Убайдулла Омон ойнады. Бүгінде жасы 75-ке келді. Фильмдерге бұрыннан түседі. 1991 жылы Өзбек КСР халық әртісі атанған.
Ол 40-қа жуық фильмге түскен. Ұзақ жылдар бойы театрда да қызмет еткен. Фильмдерге әлі де түсіп жүр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!