- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Facebook табысы тағы...
Facebook табысы тағы да өсіп келеді
Әлеуметтік желінің екінші тоқсандағы табыстық көрсеткіші өткен жылға қарағанда 138 пайызға көп болыпты. Басты табыс көзі (жалпы табыстың 62 пайызы) мобильді жарнама болған. Сонымен қатар, дамушы елдердегі қоғамның фейсбукті қолдануда белсенділік таныта бастағаны да табыстың молаюына септігін тигізген.
Әлемдегі ең үлкен әлеуметтік желінің 2014 жылдың екінші тоқсандағы таза табысы 791 миллион АҚШ долларын қамтыған. Компанияның жалпы табысы да 2,91 миллиард АҚШ долларына арта түскен. Ал бұл сарапшылар ойлағаннан 100 миллион АҚШ долларына көп болып шықты.
Өткен жылы facebook-тың мобильді сектордағы табысы өте төмен болған кезде салымшылар компанияның акцияларының бағасын түсіріп жіберген болатын. Ал енді смартфондар мен планшеттер арқылы жасалынатын жарнамалар ең басты табыс көзіне айналып үлгерді.
Ағымдағы жылдың наурыз айында америкалықтар мен еуропалықтарға бағытталып шығарыла бастаған 15 секундтық видеороликтер де қазіргі нәтижеге жетуге көп септігін тигізді. Жалпы айтқанда, 1,3 миллиард қолданушы (оның ішіндегі 1 миллиард белсенді қолданушы) кем дегенде бір айда бір рет әлеуметтік желіге смартфон арқылы кіреді екен. Ал смартфон арқылы кірушілердің күндік статистикасы 654 миллион қолданушыны қамтып отыр.
Оған қоса, Цукербергтің компаниясымен серіктес SocialCode компаниясының нарықтық серіктестіктегі вице-президенті Макс Калехофтың айтуынша, мобильді жарнаманың дамуына Бразилияда өткен әлемдік мундиальдің әсері көп болыпты.
"Осы жылдың екінші тоқсанында алдыңғысындай біркелкі тұрақты өсімнің болғанын байқадық. Үлкен көлемдегі табысты Сочиде өткізілген қысқы Олимпиада ойындары алып келген болатын. Дегенмен, Бразилия жерінде ұйымдастырылған әлемдік дода одан бірнеше есе көп нәтижені көрсетті", - дейді ол InsideFacebook-ке берген сұқбатында.
Соңғы үш ай көлемінде алпауыт әлеуметтік желіге 40 миллион жаңа қолданушы тіркеліпті. Осындай қарқынмен, компания АҚШ пен Еуропадан тыс аумақтарды қамтуды жалғастырып келеді. Осы жылдың басынан бері Еуропа мен Солтүстік Американың қолданушылары 2 пайызға артқан болса, Азия құрлығындағы жаңа тіркелушілер 26 пайызға, яғни 226 миллион адамға көбейген.
"Біздің ғаламтордағы қоғамымыз әлемді біріктіре отырып, өз өсуін жалғастырып келеді. Біз болашақтағы даму жолымызды да нақты көріп отырмыз", - дейді Марк Цукерберг.
Әлеуметтік желіден бөлек, компанияның жеке тармақтары болып табылатын Whatsapp пен Instagram желілері де, Paper мен Messenger қосымшалары да біршама қарқынға ие болған. Сондай-ақ, Facebook басшылығы Creative Labs жобасының өз жалғасын табатыны туралы да айтып кетті.
Естеріңізге сала кетейік, аталған платформа дербес компаниялардың Facebook-тың экожүйесіне арналған өзіндік мобильді қосымшасын жасауға мүмкіндік беретін болады. Осы бағдарлама аясында Paper және Slingshot секілді қосымшалардың шығарылғаны да белгілі.
Дайындаған: Жолдас Өрісбаев
Сурет: www.gazeta.ru
Ж. Өрісбай