Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының жұртшылығы жол азабын тартып жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ауданның Тұмабұлақ ауылының халқы жанайқайын әлеуметтік желі арқылы жеткізіпті. Тұрғындар ауыл мен аудан арасындағы жолда жүрудің мүмкін емес екенін айтады. Сәл жаңбыр жауса саз балшық батпаққа айналып, көліктер орта жолда тұрып қалады. Аудан орталығынан азық-түлік әкелудің өзі мұңға айналады екен. Тұрғындар батып жатқан көліктерді видеоға түсірген. Жолаушылар батпақ кешіп жүр.
"Тұмабұлақ ауыл жолы жағдайы осы. Жолдың кесірін халық зиян шегуде. Жолақы да азық-түліктің де бағасы өсті. Халық отын ала алмай отыр. Неше жыл болды ешқандай нәтиже жоқ. Аудан әкімі екі жыл сайын ауысып жатыр. Әкімнен де халық сайлаған депутаттардан да қайыр жоқ. Қыста жол ашылмай қатынассыз қаламыз, ал көктем, күзде жаңбырдан жол езіліп орта жолда қалып жатырмыз", - деп жазған желіде.
Аталған мәселе бойынша аудан әкімі Дәулетияр Тоғызбаевқа хабарластық. Әкім жолдың нашар екенін жасырмады.
"Тұмабұлақ округіндегі Сарат-Тұмабұлақ ауылдары арасындағы жолдың жағдайы нашар. Жаңбыр жауса жүруі тіпті қиын. Жолдың ұзындығы шамамен 50 шақырымдай болады. Бүгінгі күні Тұмабұлақ ауылына дейінгі көтерме жолдың төрт учаскесіне жобалық-сметалық құжат дайындалды. Мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Облыстық салалық мекемеге барлық жол учаскесі бойынша құжаттары тапсырылды, қаражат бөліну мәселесі қарастырылуда", - деді әкім.
Ал Қарабұтақ-Қостанай республикалық автожолынан Сарат ауылына дейінгі тас жолға орташа жөндеу жұмыстары 2022 жылы басталған. Қазіргі уақытта, аталған жолдың 22 шақырымына асфальт төселініпті. Қалған учаскелерде негіздемені төсеу жұмыстары бірге жүргізілуде. Аудан әкімі әлеуметтік желілелерде таралған бейнероликті Ақтөбе қаласынан Басқұдық ауылына қайтып келе жатқан ауыл азаматтарының түсіргенін айтты. Көліктер жауын-шашын салдарынан пайда болған балшыққа батып қалған. Көлік ішінде науқас адамдар болмаған.
Кәмшат Қопаева
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!