- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- ЭЫДҰ инвестиция комитеті...
ЭЫДҰ инвестиция комитеті Қазақстанды өз құрамына қоспақ ниетте
2016 жылдың 20 қазанында Париж (Франция) қаласында Экономикалық ынтымақтастықты дамыту ұйымы (ЭЫДҰ) инвестиция жөніндегі комитетінің жыл сайынғы отырысы аясында Қазақстанның инвестициялық саясатына алдын ала Екінші шолу жасау таныстырылымы өтті. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің ресми сайтында жарияланды.
Қазақстандық делегация құрамында Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрінің орынбасары Е.К.Хайыров, Жоғарғы соттың мамандандырылған сот алқасының төрағасы А.К.Қыдырбаева, Қаржы министрлігі мемлекеттік кіріс комитетінің төрағасы Д.Е.Ерғожин, сонымен қатар, инвестициялар және даму министрлігі мен ұлттық экономика министрлігінің комитеттерінен өкілдер бар. Сонымен қатар бұл құрамға «Самұрық-Қазына» АҚ, «Kaznex Invest» ЭИҰА» АҚ, «Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ өкілдері де кіріп отыр.
ЭЫДҰ инвестиция жөніндегі Комитеті Қазақстанның инвестициялық саясатына Екінші шолу жасау таныстырылым қортындысы бойынша Қазақстанды аталмыш Комитеттің қатысушысы ретінде ЭЫДҰ Кеңесіне шақыру туралы, халықаралық инвестиция және көпұлтты кәсіпорындар бойынша ЭЫДҰ Декларациясына қосу жөнінде ұсыныс қабылдады.
Бұл Қазақстанның инвестициялық ахуалының аталған ұйым талаптарына сәйкестігін көрсетеді. Ұйымға кіру жұмыстарына 5 жылдай уақыт кетті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Республикасының Үкіметі елдегі инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша ауқымды жұмыстар атқарды.
Атап өтерлігі, ЭЫДҰ Инвестиция жөніндегі комитетіне мүше болу Қазақстанға ЭЫДҰ мүше елдердің алдыңғы қатарлы стандарттарын енгізуге жол ашады, сонымен бірге, еліміздің инвестициялық мүмкіндіктері мен рейтингіне оң ықпал етеді. Бұл іскерлік ортаның, бәсекелестік пен инвесторлар құқын қорғау деңгейінің жоғары екендігінің көрсеткіші болады.
T. Кіршібаев