Полиция бір күнде жалған терроризмнің үш фактісін ашты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы полиция департаментінің жедел басқару орталығына су тасқыны аймағынан эвакуацияланған Құлсары қаласының тұрғындарын қонақ үйлердің бірінде қарулы адамдар кепілге алып, ақшалай сыйақы талап етуде деген қоңырау түсті. Тексеру барысында бұл ақпарат жалған болып шықты. Облыстық ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қабылдаған шаралар нәтижесінде Бейнеу кентінде жалған қоңырау шалғаны үшін 22 жастағы қыз ұсталды. Сонымен қатар, оның бұған дейін автобуста ұялы телефон ұрлағаны анықталды. Қолды болған гаджеттен ол қоңырау шалған. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты бөтен мүлікті ұрлау және терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Сол күні Ақтөбе қаласының полициясына ер адам ұялы телефоннан қоңырау шалып, Гришин көшесіндегі үйде бомба орнатылғаны туралы айтқан. Бұл факт те расталмады. Ақтөбе облысы ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері бұрын да осындай қылмыс үшін сотталған Ақтөбе қаласының жұмыс істемейтін тұрғынын мас күйінде ұстады. Оған қатысты терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін қылмыстық іс қозғалды.
Жалған терроризмнің үшінші фактісі Алматы қаласында тіркелді. Онда қаланың жеке компанияларының бірінің телефонына WhatsApp мессенджері арқылы ірі ақшалай сыйақы үшін сауда орталығынa бомба қою туралы ұсыныс келіп түсті. Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында Жетісу облысы ПД ЭҚІҚБ қызметкерлері Талдықорған қаласының 9 жасар тұрғынын анықтады. Ол интернет желісінде компанияның жарнамасын көріп, бұзақылық ниетпен осы хабарламаны жолдағаны анықталды. Кәмелетке толмаған баланың ата-анасы баланы тәрбиелеу шараларын қабылдамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. ІІМ Қылмыстық кодекстегі осы қылмыс үшін 5 мың АЕК (бұл 18 млн теңгеден астам) мөлшерінде айыппұл не болмаса бес жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру көзделетінін тағы да еске салады. Сондай-ақ сот шешімі бойынша кінәлі адам жалған терроризм актісі салдарынан жеке және заңды тұлғаларға келтірілген залалды өтеуге тиіс.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз