Ресей Украина елді мекендеріне тағы да соққы жасаған. Ел президенті Владимир Зеленский Франция басшысымен сөйлесіп, зымыран шабуылдары мәселесін талқылаған. Massaget.kz тілшісі Украинадағы кейінгі оқиғаларға шолу жасады.
"Астық дәлізі" жұмысы қашан қайта басталатыны белгілі болды
БҰҰ мәліметінше, 3 қарашада кемелер астық дәлізі арқылы қайта қозғала бастайды деп болжанып отыр. Бұл туралы Украинаның инфрақұрылым министрі Александр Кубраков Twitter-де жазды.
"3 қараша, бейсенбіде "астық дәлізі" бойынша ауыл шаруашылығы өнімдері бар сегіз кеме өтеді деп жоспарланып отыр. Мұны БҰҰ растады", - делінген хабарламада.
Украинадан ЕО-ға кеткен босқын саны қанша?
БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары кеңсесінің мәліметі бойынша, Еуропада тіркелген украиналық босқын саны 4,4 миллионнан асқан.
Польшада 1,5 миллионға жуық босқын тіркелген. Бұл - Еуропа елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Босқындар саны бойынша Польшадан кейін Германия мен Чехияда көп тіркелген, онда 815 мың және 453 мыңнан аса адам бар. Төртінші орында Италия (160,67 мың), бесінші орында Испания (149,21 мың) тұр.
20-дан аса елді мекен жау шабуылына ұшырады - Украина Бас штабы
"Бір тәулік ішінде жау 4 зымыран мен 26 авиация соққысын жасады, реактив жүйелерден 27-ден аса оқ жаудырды. 20-дан аса елді мекеннің аудандары жау шабуылына ұшырады. Олардың арасында Запорожье облысындағы Никольское, Полтава, Краматорск, Никополь және Николаев бар", - делінген Украина Бас штабының мәлімдемесінде.
ЕО Украина энергетикасы үшін 25 миллион бөледі
Еуропа Одағы Украинаға энергетикалық жүйені қолдау үшін 25,5 миллион еуро бөледі. Сонымен қатар, энергетикалық жабдықтар ұсынады. Еурокомиссия тиісті шешімді қабылдаған.
Зеленский Макронмен зымыран шабуылдарын талқылады
Украина президенті Владимир Зеленский Франция президенті Эммануэль Макронмен телефон арқылы сөйлесіп, Ресейдің шабуылдарына жауап ретінде халықаралық қоғамдастықты шешуші әрекеттер жасауға шақырды.
Сонымен қатар, Зеленский Украина БҰҰ және Түркиямен бірлесіп, астық уағдаластықтарын жүзеге асыруға одан әрі қатысуға дайын екенін мәлімдеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!