АҚШ және Еуропа ғалымдары Жерді қауіпті аспан денелерінен қорғайтын екі ғарыш кемесінің миссиясын анықтау үшін Римде бас қосады.
"Астероидтың әсерін азайтуды бағалау" (Asteroid Impact Deflection Assessment немесе AIDA) деп аталатын жобаның басты мақсаты — Жер мен Марстың ортасындағы "Дидимос" денесін айнала қозғалатын "Дидимун" астероидының орбитасын өзгерту. Ғалымдар аспан денесінің қозғалыс бағытын ғарыш кемесімен соқтығысу арқылы өзгертуді жоспарлап отыр. Ал екінші ғарыш аппараты соқтығыстың барлық залалдарын, кем және артық тұстарын зерттеп, барынша көп ақпарат жинамақ.
AIDA құрамында екі ғарыш кемесі мен оның бортындағы көптеген наносеріктер бар. Ғалымдар жиналыста ғарыш аппараттарының құрылысы жайлы және "Дидимос" пен оның серіктері туралы тың деректерді талқыға салады.
Жобаның бір бөлігі саналатын DART құрылғысын NASA ғарыш агенттігі жасап жатыр. Оны 2021 жылы жазда аспанға ұшыруда жоспарлап отыр. Егер бәрі еш кедергісіз кесте бойынша өтсе, DART "Дидимостың" серігімен 2022 жылы секундына 6,6 шақырым жылдамдықпен келіп соқтығысады. Бұдан кейін соқтығысу орнына "Гера" аталатын екінші зерттеуші аппарат келеді. Оны Еуропа ғарыш агенттігі әзірлеп жатыр.
"Гера" жинаған деректер ғалымдарға ғарыш аппараттарының аспан денелерімен соқтығысуы туралы барынша көп білуге себеп болады. Ал бұл өз кезегінде болашақта Жерге қауіп төндіретін астероидтардан қорғануға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Жерді астероидтан ғарыш аппаратының көмегімен қорғану туралы бастама АҚШ астанасы Вашингтон қаласында өткен Planetary Defence конференциясында көтерілген болатын. Жиынға келген екі жүзден астам ғалымдар мен инженерлер 2027 жылы Жерден жақын өтетін 2019 PDC астероидының тағдыры туралы сөз қозғады.
Мамандар астероидтың бағытын өзгерту үшін алты кинетикалық импактор қажет екенін айтты. Мұндай құрылғылар тек 2024 жылы дайын болуы мүмкін. Оның үстіне көкке көтерілген алты құрылғының тек үшеуі ғана діттеген мақсатына жетуеді деген күмән бар.
Болжам бойынша астероид АҚШ-тың шығыс бөлігіне түседі. Егер астероидтың кем дегенде 50-60 метрі Жерге құлайтын болса, арты үлкен апатқа әкеп соқтырады. Оның алдын алатын қазіргі таңда технология ойлап табылмаған. Тек сол аймақтағы тұрғындарды қауіпсіз аймаққа көшіруге тура келеді.