Еуропа көшбасшылары Трампты Ресейге қарсы шаралар қабылдауға көндірді – БАҚ

Еуропа көшбасшылары АҚШ президенті Дональд Трампты Ресейдің Украинаға қарсы соғысты тоқтатуға мүдделі емес екеніне және оны келіссөздер үстеліне отырғызу қажет екеніне сендіре алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі DW-ға сілтеме жасап.

Politico басылымының мәліметінше, дереккөздер – жағдаймен таныс шенеуніктер мен дипломаттар.

Кейінгі аптада Атланттың екі жағындағы жоғары лауазымды ресми тұлғалар жаңа қаржылай шектеулер мен Ресей мұнайы мен газының жеткізілімін тоқтату мәселесі бойынша қарқынды келіссөздер жүргізді.

"Ықтимал жаңа шектеулердің егжей-тегжейін талқылау үшін Вашингтонға ЕО-ның жоғары лауазымды делегациясы жіберілді, оның негізгі мақсаттарымен екі тарап та келісімге келді", – делінген материалда.

Алайда еуропалықтар мен америкалықтардың Ресейге қарсы қандай нақты шаралар қабылдау керегі жөнінде келіспеушіліктер бар. ЕО дипломатының айтуынша, еуропалық қатысушылар АҚШ-пен "қызу пікірталасқа" үмітті.

"Трамп, ақыры, біздің жақта. Енді мәселе – осы екі тәсілді үйлестіруде", – деді басқа бір еуропалық дипломат.

Еуроодақ 19-шы санкциялар пакетін дайындап жатыр, бірақ оның тиімділігі үшін онда қарастырылған шараларды америкалықтармен бірлесе қабылдау қажет екенін келіссөз жүргізушілер жеке атап өтті.

Басылым деректеріне сүйенсек, Трамп әкімшілігі Мәскеуді соғысты жалғастыруға қажетті қаржыдан айыру үшін кедендік тарифтер сияқты сауда тетіктерін қолдануды жөн көреді. Ал ЕО Ресеймен ынтымақтастық орнатқан компаниялар мен қаржы институттарына санкциялар енгізуді талап етіп жатыр.

Сонымен қатар, Fox News телеарнасына берген сұхбатында Трамп Украинадағы соғыстың аяқталуына Украинаның президенті Владимир Зеленский мен Ресей президенті Владимир Путиннің келіссөздерге қатысты ұстанымдарының сәйкес келмеуі кедергі болып отырғанын айтты. Украинадағы соғыс қимылдарын түсіндіре отырып, Ақ үй басшысы Ресей басшысына қатысты сабырының таусылуға жақын екенін мәлімдеді. Ол Мәскеуге қатаң шара қолданатынын да ескертті.

Бұған дейін Трамп Еуроодақты АҚШ-пен бірге Ресей мұнайын сатып алушыларға, оның ішінде Қытай мен Үндістанға 100 пайыз баж салығын енгізуге шақырған болатын.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!