Еуропа ғарыштағы қоқысты жинайтын аппарат ұшырады

Еуропа ғарыштағы қоқысты жинайтын аппарат ұшырады
Фото: depositphotos.com

Еуропалық ғарыш агенттігі (ESA) қызмет мерзімі аяқталған аппараттарды ұстап, орбитадан шығаратын спутник әзірлеуге тапсырыс берді, деп хабарлайды Massaget.kz BILD басылымына сілтеме жасап.

Құны 102 миллион еуродан асатын келісімшарт халықаралық консорциумға жетекшілік ететін германиялық OHB компаниясына берілген. Алдын ала жоспар бойынша, ClearSpace-1 миссиясы 2030 жылы іске қосылады.

Алғашқы нысана ESA 2001 жылы ұшырған PROBA-1 спутнигі болмақ. Арнайы аппарат оған өздігінен жақындап, оптикалық және радиожиіліктік датчиктер арқылы оның орналасуы мен айналуын анықтайды. Содан кейін роботтандырылған төрт манипулятормен жұмысын бастайды. Бұдан соң екі спутник те Жер атмосферасына еніп, жанып кетуі тиіс.

Бұл – орбитадан ірі нысандарды шығаруға бағытталған алғашқы еуропалық миссиялардың бірі. PROBA-1 басқа аппаратпен түйісуге арналмаған әрі қоқыс жинаушы аппаратпен бірлесіп әрекет етуге бейімделмеген. Сондықтан оған жақындау және оны ұстау жұмыстары түгелге жуық автономды түрде орындалуы керек.

Ғарыш қоқысы көбейген сайын мұндай тазалау жұмыстарына қажеттілік те артып келеді. ESA дерегінше, орбитада 47 мыңнан астам нысан тұрақты бақыланады. Бұдан бөлек, Жерді айнала өлшемі бір сантиметрден он сантиметрге дейінгі шамамен 1,5 миллион сынық қалдықтар болуы мүмкін. Олар жоғары жылдамдықпен қозғалатындықтан, ұсақ бөлшектердің өзі жұмыс істеп тұрған спутниктерге зақым келтіруі ықтимал.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

О. Сансызбай
Logotype Massaget