Еуропа елдерінде тарихта болмаған аптап басталды

Еуропа елдерінде тарихта болмаған аптап басталды
Фото: ©REUTERS

Еуропада аптап болып жатыр, - деп хабарлайды "Массагет" тілшісі DW сайтына сілтеме жасап. 

Испаниядағы ауа температурасы 1950 жылғы рекордты басып озды. Андухар қаласында 17 маусымда 44,2-ден 44,3 градусқа дейін ыстық болды.

Aemet метеорологиялық қызметінің мәліметінше, сенбіде, 18 маусымда елдің ең ыстық провинциялары солтүстік пен солтүстік-шығыстағы Каталония, Наварра және Баскония, сондай-ақ оңтүстігінде Андалусияда - 40-тан 42 градусқа дейін аптап болды. Осындай жағдай Мадридте де байқалады, онда сынап бағанасы 39 градусқа дейін көтерілді.

БАҚ мәліметінше, сенбіде таңертең Жерорта теңізі мен Атлант мұхитының жағасындағы жағажайлар адамға толды. Себебі Испанияның көп аймағында ауа температурасы түнде де 20 градустан төмендемей тұр.

Төтенше жағдайдың салдарынан елде орман өрттері жиілеп кетті. Ресми мәлімет бойынша, бірнеше күннің ішінде 25 мың гектар алқап өртенген.  

Météo France метеорологиялық қызметінің мәліметінше, Францияда осы демалыс күндері "абсолют температура рекордтары бұзылуы мүмкін".

Германияның кейбір аймақтарында 34 градустан аса ыстық болады деп болжанып отыр. Неміс метеорологиялық қызметі (DWD) ультракүлгін сәулелену жоғарылайтынын ескертті.

Ал Грецияда елдің көп аймағында жаңбыр жауып жатыр, елдің солтүстігі мен батысында найзағай күтіледі.

G. Dosymshalova