Мемлекет басшысы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразия кеңістігіндегі көлік дәліздерін цифрландыруды тағы бір басымдық ретінде атады.
Мемлекет басшысының айтуынша, Еуразияның көлік жүйесі Азия, Еуропа және Таяу Шығыстың басты нарықтарын байланыстыратын жоғары технологиялық халықаралық бағыттардан құралады.
"Бұл арада жалпы ұзындығы 50 мың шақырымнан асатын көлік дәліздерінің тұтас жүйесі туралы сөз болып отыр. Оның 10 мың шақырымнан астамы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Жаһандық сауда-экономика тізбегіндегі жетекші орнымызды сақтау үшін трансшекаралық инфрақұрылымды одан әрі дамыту және цифрландыру қажет. Ыңғайлы логистикалық шешімдер, жүкті тұрақты жеткізу мен өткізу жылдамдығы Еуразиялық экономикалық одақтағы транзит көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан былтыр жыл соңында біз Smart Cargo секілді құралдарды жүйелі түрде енгізе бастадық. "Бір терезе" қағидатымен қызмет ететін платформа аясында көлік дәліздерін цифрландыру жұмыстары қолға алынды. Қазақстанда көрші елдермен рұқсатнаманы электрон бланкі форматында алмасу механизмі енгізілді. Одақ аясындағы ақпараттық жүйелерді өзара кіріктіру – уақыт талабы. Осы орайда Еуразиялық экономикалық комиссия ұлттық сервистердің цифрлық "сөресін" жасақтауды қолға алды. Бұл өте өзекті. Осы үдерісті жеделдетіп, ЕАЭО цифрлық көлік дәліздерінің толыққанды экожүйесін қалыптастыру қажет деп ойлаймын. Осы бағытта күш-жігерімізді біріктірсек, Еуразияның жоғары технологиялы көлік хабын құруға әбден болады", – деді Мемлекет басшысы.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!