Қазақстанның Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев Халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ үйде отырып қалай электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦП) алуға болатынын айтты. Мұны министр Facebook-тегі парақшасында хабарлады.
- Бұдан бірнеше күн бұрын мен қазақстан азаматтарына ЭЦҚ-ны қашықтықтан рәсімдеп алуға мүмкіндігі бар екендігін айтқан болатынмын. Ал бүгін бұл бастаманы мемлекеттік органдар қолдайтынын жеткізді. Яғни, бүгіннен бастап eGov сайтында ЭЦҚ-ны онлайн алу қызметі қосылды, - деп жаңалықты бөлісті министр.
Министрдің айтуынша, жаңа қызметті қосу үшін программист мамандар бір апта бойы күндіз-түні жұмыс істеген. Мұның барлығы Төтенше Жағдай кезіндегі азаматтардың қауіпсіздігі үшін жасалуда.
Азаматтарға электронды цифрлы қолтаңба алу үшін селфи жасап, Халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлері қойған сауалдарға жауап берсе болғаны. Сауалға видеобайланыс арқылы жауап бересіз.
- Қазір Халыққа қызмет көрсету орталығындағы қызметтердің 80 пайызы онлайнға көшірілді. Енді ЭЦҚ-ны мобильді қосымша арқылы беруді ойлап отырмыз, - дейді Асқар Жұмағалиев.
ЭЦҚ-ны қалай қашықтан алуға болатынын мына сілтемеден оқып таныссаңыз болады.