Алматыдағы "Happy Kids" балабақшасында 3 жасар қыздың жыныс мүшесі зақымданған. Бұл туралы бүлдіршіннің анасы Айсұлу Омарова "Көреміз" бағдарламасына айтқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Киімдерін тап-таза етіп жуып қойған"
6 маусым күні Айсұлуға балабақша тәрбиешісі хабарласып, қызына етеккір келгенін айтқан. Оқиға орнына келген анасы қызының жарақат алған жыныс мүшесін көрген.
Айсұлу қызына әлдекімдер қасақана біреулер зиян келтірді деп ойлайды.
"Мен жеткен кезде қызымды жедел жәрдем қызметкерлері қарап, №2 қалалық ауруханаға алып кетіп бара жатты. Не болғанына ешкім жауап бермеді. Дәрігерлер қарап, қызымның жыныс мүшесінің (рассечение малых половых губ) 0,3-0,4 сантиметрге кесілгенін айтты. Сөйтіп, "тігу керек" деп, бір апта аурухана жатқызды. Олар барлық ем-шараларды қолданды. Қазір қызымның жағдайы жақсы. Бірақ орны бар. Атасы мен әжесіне Ақтөбеге көңіл бөлінсін деп апарып келдім.
Бұл жағдайдан соң тек тәрбиешісі "тамақ ішті ме?" деп сұрады. Басқалай балабақшадан ешқандай көмек болмады. Оқиға болған күні "киімін жумаңыздар, қанша қан кеткенін көруім керек" деп айтқан едім. Бірақ олар жуып тазалап қойған", - деді анасы Айсұлу.
"Бейнебақылау камералары ауыстырылды"
Балабақша директорының орынбасары Ләззат Есенбекованың айтуынша, сол күні бейнебақылау камералары ауыстырылған.
"6 маусым күні сыртта есеп беру құжаттарымен жүрдім. Маған тәрбиеші екі рет хабарласты. Ол кезде жауап бере алмадым. Сосын өзім хабарласқан кезде "Көркемнің астынан қан кетіп жатыр" деді. "Тез анасына хабарласыңыз" дедім де, өзім жедел жәрдем шақырдым. Одан кейін анасы келіп, соның қатысуымен дәрігер тексерді.
Сол күнгі бейнежазбалардан ештеңе сақталмаған. Бізде бұған дейін wi-fi камера болған еді. Олар да істемей қалып жүрді. Дәл сол күні 12 камераны сапалысына ауыстырған едік. Сақталмай қалған. Бірақ барлығын да полицияға бердік, - деді балабақша директорының орынбасары.
Көркемнің тәрбиешісі Жанна Әбіләшімнің айтуынша, балабақшада бала сүрініп, тілінетіндей зат жоқ.
"Таңертең Көркем келгенде қан іздері байқалмады. Сол күні ішім ауырып тұр деп ымдап көрсетті. Сосын ішіне массаж жасадым да, отырғызып қойған болатынмын. 5 минуттан кейін қайтадан ойнап кеткен еді. Ал қанды көрген соң сасқанымыздан өзіміз жуып тастадық. Жығылып, сүрінетіндей балабақшада заттар жоқ. Өзіміз де түсінбей қалдық", - деді Жанна Әбіләшім.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз