"Еті терісімен бірге өртелді". Жамбыл облысында "Сібір жарасы" тіркелді

Тамды ауылында сібір жарасы ауруы тіркелген соң, көп ұзамай Қаратау қаласында да карантин режимі енгізілгені туралы сөз тарады. Massaget.kz тілшісі Жамбыл облысы әкімдігі ветеринария басқармасына хабарласып, мән-жайды анықтады.

 "Тамды ауылында ауруға оң нәтиже көрсеткен ірі қараның еті терісімен бірге өртелді. Қазір осы елді мекеннен төрт түлікті және олардың өнімдерін шығарып-әкелуге шектеу талабы қатаң қадағалануда. Ал басқа ауылдарда, оның ішінде Қаратау қаласына карантин мен шектеу қойылған жоқ", - дейді басқарманың ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Талғат Қожабергенов.

Өткен аптада ауру малды сойып, қолдарына жара шығып, ауруханаға жүгінген үш науқастан сібір жарасы анықталған болатын. Ветеринарлардың айтуынша, Тамды ауылының тұрғыны екі танысын шақырып, ауырып тұрған ірі қараны сойып алған. Ауру малдан індет жұқтырған азаматтар соңында ауруханадан бір-ақ шықты.

Қазір індет ошағында сібір жарасының таралуының алдын алу үшін эпидемиологиялық және эпизоотиялық іс-шаралар жүргізіліп жатыр.

"Сібір жарасының қоздырғышы жүздеген жылдар бойы топырақта сақталады. Күн ысығанда вирус шаңмен көтеріліп, топырақ, су, шөп арқылы малға жұғады. Бұл індет жедел түрде өтетін болғандықтан, таралу аумағы өзгеріп отырады. Былтыр облыс 5 адам күйдіргі індетінің тері патологиясы түрінен емделіп шыққан. Аурудың алдын алудың жолы – сібір жарасына қарсы вакцина егу. Сондықтан шаруаларға иелігіндегі малға жылына бір рет сібір жарасына толық екпе салғызып отыру қажет екенін ескертемі", - деп түсіндірді ветеринар.

Қазір Тараз қаласы мен аудандарда еті сатылатын мал базарлары мен сауда орындарында етті және тірі малды тасымалдау мен өткізуге ветеринариялық инспекция тарапынан тексерулер жүргізілуде.

         Айта кету керек, өткен аптада Тамды ауылында ауру малды сойған 3 азамат індет жұқтырған болатын. Күйдіргі ауруының терілік формасы айқындалған үш адам ауруханада тиісті ем қабылдауда. Дәрігерлердің айтуынша, олардың денсаулық жағдайы бір қалыпты, бірер күнде ауруханадан шығарылады.

А.Сырымбет

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!