- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Ет асып, бауырсақ...
"Ет асып, бауырсақ пісіреміз". Шешен ақсақал қазақ жеріне сағынышын жеткізді
Жасы алпысты алқымдаған шешен ақсақал Саид Иналов қазақ жерінде өткізген жылдарын сағынышпен еске алады. Ол бүгінде отбасымен ел астанасы Грозный қаласында тұрып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кейіпкеріміздің 15 (1977-1992 жылдар аралығы) жылы Қазақстанда, оның ішінде Сыр өңірінде өтті.
"Әуелі Жалағаш ауданының Жаңадария деген жерінде тұрдық. Кейін Сырдария ауданының Сәкен Сейфуллин ауылына қоныс аудардық. Сондағы Бақтияр Мырзашев және Қаламқас Молдашеваның отбасымен бір үйдің адамдарындай араластық. Бақтиярды туған ағамдай көремін. Жырақта тұрсақ та жиі хат-хабар алмасамыз. Жалпы, қазақтың қонақжайлылығына, кеңпейілділігіне тәнтімін. Қазақтар бізді ешқашан алалаған емес", - деді ол.
Саид Иналовтың арғы аталары кезінде қазақ даласына жер аударылыпты. Ал өзі мұнда жұмыс бабымен келіп, тұрақтап қалған. 15 жыл ішінде қазақ тілін еркін меңгеріп, салт-дәстүріне қанықты.
"Шешендердің ұлттық асы жижиг-галнашты тауық, қой және сиыр етінен әзірлеуге болады. Бір ерекшелігі — етті сүйегімен пісіру керек. Әбден бабында піскен ет сүйегімен дәмді болады. Оған бидай немесе жүгері ұнынан жасалған тұшпара дайындалады. Бірақ қазақтың ұлттық тағамына ештеңе жетпейді. Өзіміз үйде жиі ет асып, бауырсақ пісіріп жейміз", - деді кейіпкеріміз.
Екі ұлттың әдет-әдебінде ұқсастық бар.
"Қазақ та, шешен де үлкен келсе, ұшып түрегеліп орын береді. Үлкеннің алдында шылым тартпайды, ішімдікті ғана емес, ол туралы әңгіменің өзін ауызға алмайды", - деді Саид Иналов.
Назерке Саниязова
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Жайыққызы